Шымкент қаласында аулаларды абаттандыру жұмыстары үшін бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы 2021-2023 жылдары жүзеге асырылады. Бағдарламаға қатысуға ниеттенген көпқабатты үй тұрғындары партия мен әкімдік сайтына өтініш қалдырады. Әрі абаттандыру жұмыстарына байланысты ұсыныс бере алады. Ауланы абаттандыру жобасын жасақтауда сол тұрғындардың ұсыныс-тілегі ескеріледі. Шымкент қаласы әкімдігінің айтуынша, өткен жылдың қазанынан бастап ақпараттық хабарламалар жарияланып, тұрғындардың өтініші жиналған. Жалпы, 120-ға жуық аула бойынша өтініш түсіпті.
– Өткен жылы облыс әкімі шаһар бойынша кемінде 50 ауланы абаттандыру туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда бағдарлама аясында тұрғындардың өтінішін жинадық, олар ауладан не көргісі келетінін көрсетті. Тізімге сәйкес, алғашқы тіркелген 50 шақты аула бойынша смета дайындалды. Мердігерлер анықталып, жұмыстар басталды. Қазір жоспарланған 51 аула аумағының 12-сі бойынша жұмыстар аяқталып, тапсырылды. Бес ауладағы жұмыстар тамыз айында аяқталады. Абаттандыру жұмыстарында аулаға кіреберіс жолдардың асфальтталуына ерекше басымдық берілді. Өйткені тұрғындар тарапынан кіру-шығу жолдарына қатысты уәж көп түседі. Сондай-ақ бұған дейін әр аулада бөлек-бөлек мердігер мекеме жұмыстар жүргізген болса, биыл барлық ауладағы жұмыс бойынша бір мердігерден сұраныс болуы қаперге алынды. Осы орайда жаңарту жұмыстары көзделген барлық ауладағы жол төсемін төсеуді бір ғана мердігер жүргізеді. Барлық ауладағы спорт және ойын алаңдарын орнатуды бір мердігер атқарады. Сонымен қатар Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында 50 аула абаттандыру жұмыстарынан өтпек. Ағымдағы жылы Әл-Фараби ауданында 50 көп қабатты тұрғын үйдің ауласында абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда, абаттандыру жұмыстары 28 аулада жүргізіліп жатыр. Аталған аулаларда тұрғындар демалуына арналған орындықтар мен бастырма, қоқыс жәшігі, балалар ойын элементтері және ересектерге арналған спорт элементтері орнатылуда. Аталған жұмыстарға «Strong service»ЖШС-ы, «New level» ЖШС-ы жауапты. Ал қалған 22 ауланы абаттандыруға мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
Jsk ақпарат