Шара барысында жеке сот орындаушыларының қатысуымен борышкерлердің атына тіркелген автокөліктер тексерілді. Прокуратураның тапсырмасымен 36 алимент төлемей жүрген тұлғаның көлігіне қатысты ұстап, арнайы тұраққа жеткізу туралы қаулы шығарылды. Олардың ішінен «Сергек-Қорғау» жүйесі мен Жедел басқару орталығының көмегімен анықталған 7 көлік айыптұраққа жеткізілді. Бір күн ішінде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 4,7 млн теңге көлемінде алимент қарызы өндірілді. Прокуратура баланың құқықтары мемлекет қорғауында екенін, ал алимент төлеуден жалтару — қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады. «Заң мен тәртіп» қағидасы бойынша Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соңғы жылдары «Неке және отбасы» туралы заңға өзгерістер енгізіліп, алимент мәселесі шындап қолға алына бастады. Бүгінде өз туғанына тапқан-таянған нәпақасын бөліп беріп, алимент төлеуде әртүрлі себептерді алға тартатын немесе жауапты істің үдесінен шығуды кейінге қалдырудан шаршамайтын «көкек әкелердің» бұл ездігі қаншама аналарды «жүдетіп», жүйкесін жұқартып жатқаны шындық. Мұндайда амалы таусылған, жігері жасыған сол әйелдер сот актілерін орындау департаментінің есігін жағалап, қызметкерлерден көмек сұрайтыны жасырын емес. Ал оларға көрсетіліп жатқан көмектің нәтижесі қандай? Сот орындаушылар қайда қарап отыр? Бүгінде өз ұрпағын өзектен тепкен аналардың сұмдық ісіне, енді «көкек әкелердің» қайырымсыз әрекеттері қосылып, қоғамда өте үлкен дау тудырып отыр. Статистикаға жүгінсек, еліміз бойынша 100 мыңнан астам балаға қарыз 90 мыңға жуық «қашқын әкелер» бар екен. Бұл жүз мыңнан астам ана мен баланың құқығы тапталып, шарасыз күйде екендігін көрсетеді. Жауапкершіліктен жалтарған әкелермен, заңның солқылдақтығы және сот орындаушылардың салғырттығы жалғызбасты аналардың жүгін ауырлатып, оларды әр есікті қағуға мәжбүр етуде. Екі жастың дәм-тұзы жараспай, ойлары мен ортақ мақсаттарының бір арнаға тоғыспай, екіге бөлінуіне, олардың «бауыр еті – балалары» кінәлі емес екені сөзсіз. Сондықтан да, ана қолында қалған сәбиге әкесінің моральдық-материалдық көмек беруі міндетті. Заңмен белгіленген тәртіп бойынша балаларына алимент төлеуге келгенде кежегесі кейін тартып, жалтарып, қала берді жасырынып жүреді. Ер азаматтарымыздың мұндай ерсі әрекеттерге баруы «көкек әке» деген тағы бір сипаттағы сөздің кең қолданысқа енуіне әкеп соқтыруда. Бірақ еліміздің заңына сәйкес алимент төлеуден жалтарған, берешегі көп борышкер әкелерді бас бостандығынан айыру жазасы енгізіліп отыр. Әрине, алимент балаға әке бола алмас. Дегенмен, мұның өзі ер адамның жауапкершілігін аз да болса сезіндіреді. Алимент төлеу ардың ісі болса да, бәзбіреулер баласы 18-ге толғанда қарыздан құтыламын деп ойлайды.Тіпті де олай емес. Бала он сегізге толып кетсе де, төленіп бітпеген қарыз әкенің мойнында аманат болып қала береді.
Jsk ақпараттық агенттігі