Мәселен, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша, өткен жылы шаһардағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 425 миллиард теңгені құраса, биыл жыл соңында бұл көрсеткіш 710 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Өткен жылы экспорттың шектелуі, тұтыну нарығының кең қанат жая алмауы өңдеу өнеркәсібі тауарларына деген сұранысты азайтқаны рас. Соған қарамастан, Шымкентте өңдеу өнеркәсібінің бірқатар салаларында өсу динамикасы байқалған. Айталық, өткен жылы фармацевтика өнеркәсібі – 66,1 пайызға, машина жасау – 38,6 пайызға, тамақ өнеркәсібі – 18,4 пайызға, металл емес минералдық өнімдерді өндіру – 10,3 пайызға және металлургия 2,6 пайызға өсіпті. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Салалық басқарманың мәліметі бойынша, 2021 жылы қалада өнеркәсіп секторында 21 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді екен. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындардың бірқатары ашылып та үлгерген. Мәселен, «SAGITEX GROUP» ЖШС-і жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіретін фабрика ашуға 337 миллион теңге қаржысын жұмсады. Нәтижесінде, жылына 400 мың дана ішкиім тігетін кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар биыл ашылған кәсіпорындардың қатарында «KASPY STEEL» ЖШС-інің металл бұйымдарын құятын зауытын атап өтуге болады. Қырық адамды жұмыспен қамтып отырған шағын зауыт жылына 1 000 тонна металл өнімдерін шығарады. Сол сияқты биыл «TABA INDUSTRIAL» ЖШС-інің дөңгелек шығаратын зауыты, «СК-АЙМАҚ» ЖШС-інің жиһаз цехы да ашылды. Өнеркәсіптің дамуына қаладағы индустриалды аймақтар да өз үлесін қосуда. Мәселен, «Оңтүстік» индустриалды аймағы – республикада алғашқылардың бірі болып ашылған аймақ. 2010 жылы бұрынғы фосфор зауытының аумағын тазартып, оған көлік және инжинерлік инфрақұрылым желілерін тартуға бюджеттен 6 миллиард 800 миллион теңге қаржы жұмсалған. Сөйтіп, 337 гектар аумақ жаңа өндіріс орындарын ашуға әзірленді. Бүгінде сол аймақ зауыт-фабрикаларға толып тұр. Нақтырақ айтар болсақ, «Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 кәсіпорын іске қосылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Ал, «Тассай» индустриалды аймағында 21 кәсіпорын жоба іске қосылып, онда 1 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.
Jsk ақпарат