Индустрияландыру бағдарламасы бүкіл республикада 2010 жылдан бастап қолға алына бастады. Соның ішінде Шымкент қаласында да бағдарлама аясында жаңа кәсіпорындар құрылды. Басқарма басшысының мәліметінше, ҮИИД-тің бірінші бесжылдығында шаһарда 89 млрд. теңгеге 63 кәсіпорын бой көтерді, соның нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Екінші бесжылдықта 97,4 млрд. теңгеге 41 жоба қолдау тапты. Соның арқасында 2,5 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. 2020-2021 жылдар кезеңінде 414,3 млрд. теңгеге 90 жоба қолға алынды. 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы 21 жобаны жүзеге асыруға 37,5 млрд. теңге жұмсалыпты. Бір мыңдай адам өздеріне тұрақты жұмыс тапқан. Бүгінгі таңда қала аумағында 2 индустриялды аймақ бар. Ол «Оңтүстік» пен «Тассай» индустриалды аймақтары, — деді Береке Талғатұлы. – Жалпы мегаполистегі ИА аумағы 426 гектарды құрайды. 2010 жылы ашылған «Оңтүстікте» кәсіпорындар 337 гектар жерде орналасқан. Ал «Тассайдың» аумағы 89 гектарға тең, 2015 жылы қазығы қағылған. Индустриалды аймақтардың жағдайы қандай, осы күнге дейін қанша жоба жүзеге асырылды деген сауалға келсек, қазіргі таңда ИА аумағы 95 пайызға толған. Яғни жобаларды жүзеге асыру жоспары осыншама пайызға орындалды деген сөз. Қос аймақта 134,7 млрд. теңгеге 128 кәсіпорын құру және 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашу бойынша жұмыстар қолға алынуда. Соның ішінде бүгінгі таңда 90 млрд. теңге қаржыға нақты 89 жоба іске асырылып, 5 мыңдай адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ресми дерек бойынша осы жылы индустриалды аймақтарға жалпы саны 25,6 млрд. инвестиция тартылды. Қомақты қаражатқа 9 өндіріс орны бой көтеріп, 431 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге жобаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, өзекті мәселелері анықталып, мемлекеттік қолдау көрсетілді. ИА мен АЭА қала экономикасының дамуына зор үлес қосып жатқанын айтады. Шын мәнінде индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар қала экономикасын өрге сүйреуші негізгі драйвер болып саналады. Себебі, өндірістік аймақтарда өнімдер өндіріліп, сол шығарылған тауардан түскен пайда мегаполистің бюджетіне салықтық түсімдер әкеледі. Соның нәтижесінде қаланың экономикасы тұрақталып, халықтың жұмысқа орналасуы арқылы әлеуметтік мәселесі шешімін табады.
Jsk ақпарат