Қазіргі таңда Шымкент қаласының макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім динамикасы байқалады. Биылғы жылдың бес айында өңірге тартылған инвестиция көлемі 22%-ға, құрылыс жұмыстары 29%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73%-ға, бөлшек сауда көлемі 25%-ға артқан. «Ендігі кезекте қаланың стратегиялық дамуына көп мән беруіміз қажет. Бірінші кезекте қаланың бас жоспарын демографиялық өсім қарқынына байланысты қайта қарап, жаңадан әзірледік. Қазір ол сараптамадан өтіп жатыр, осы жылдың соңына дейін бас жоспарды бекітеміз», – деді әкім. Осы бас жоспарға қарап қаланың бес жылдық даму жоспары қайта қаралған, бүгінгі күні алда тұрған басым салалар белгіленді. Бірінші басымдық – кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті қолдау. Әкімнің айтуынша, қалада 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 358 млрд теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. «Бүгінде қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90%-ға жетті. Сол себептен, жаңадан өндірістік алаңдарға қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде», – деді М. Әйтенов. Жаңадан ашылатын индустриялық аймақтың бірі – «Жұлдыз». Онда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, 200 млрд теңгеден астам қаржыға ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс аумағын дамыту мақсатында құрылатын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агроиндустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелері құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд теңге инвестиция тартылып, 1800-ден астам жұмыс орны ашылады. Одан басқа, сауда-логистика орталығын кеңейте отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін өңірлік хаб құру жұмыстары басталды. Жоба 2023-2027 жылдар аралығында іске асырылмақ. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрумен 14 жоба іске асырылып, 14 млрд теңге инвестиция тартылатынын айтты әкім. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламадан бөлек, жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында 1,4 млрд теңге бөлініп, жыл басынан бері 153 жобаға 412 млн теңгеге қолдау көрсетілген. «Бұл ретте жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1 пайыздық мөлшерде 10 млн теңгеге дейін несиелендіру қарастырылған. Одан басқа, бағдарлама аясында кәсіпкерлерге өндіріске бағытталған, жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған», – деп нақтылады қала басшысы.
Jsk ақпарат