• 5 декабря, 2024 2:25 дп

Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес 2025 жылы – кәріз жүйесімен қамту 75 пайызға жетуі керек

Автор:admin

Ноя 16, 2023

Сонымен бірге Достықтағы кәріз сорғы стансасы КНС (қайта құру), Арғынбековтегі коллектор, Тұрандағы ішкі магистрал, Бозарықтағы 74 гектар аумақтық құрылыс жұмыстары да өз мәресіне жетеді. Ал Нұртас, Тараз шағын ауданы, Айша бибі көшесі, 112 орам құрылысы биыл басталмақ. Қаламыздың даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Қазіргі уақытта Арғынбеков көшесінің бойымен Жібек жолы көшесінен бастап №2 коллекторға дейін канализациялық коллектор құрылысы қарқынды жүруде. Коллектордың жалпы ұзындығы 13,1 шақырымды құрайды. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме – «Сарыағаш-Аман» ЖШС. Аталған канализациялық коллектор құрылысы 2024 жылдың соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде, Сайрам, Азат, Тассай, Мирас, Нұртас, Ұлағат, Шапағат, Солтүстік-Шығыс және Самал-3 шағын аудандары коллекторға қосылады. Айта кету керек, биыл қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту мақсатында барлығы 16 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоғарыда аталған шағын аудандардың ішіндегі Мирас елді мекенінде 980 үй орналасқан. Қазір онда 1 мектеп пен 6 балабақша бар. Шағын аудан электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен 100 пайыз қамтылған. Енді кәріз жүйесін тарту ғана қалып отыр. Жобаға сәйкес ұзындығы 50,4 шақырым кәріз жүйесі салынып, ары қарай Шапағат-2 шағын ауданына ұзартылады. Бүгінде құрылыстың біразы орындалған. Қолданысқа беру мерзімі биыл қараша айында деп жоспарланып отыр. Құрылысты атқарушы мергілер компания – «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС. Ал оның техникалық қадағалаушысы «Тұран құрылыс» мекемесі. Ақжайық шағын ауданын инжинерлік инфрақұрылыммен қамту мақсатына орай қазір мұнда да кәріз жүйесінің құрылысы қызу қарқын алған. Сметалық жобаға сәйкес ұзындығы 22,1 шақырым кәріз жүйесі салынуға тиіс. Осыған орай бюджеттен 686,1 млн теңге қаралып отыр. Құрылысы биыл басталған нысанда қазір жұмыстың жартысына жуық бөлігі орындалған. Жұмысты аяқтау мерзімі 2023 жылдың желтоқсан айына қарай жоспарланды. Пайдалануға берілсе, шағын аудандағы 4 200 үй кәріз жүйесіне қосылады. Жаңа кәріз жүйесін шағын аудан халқымен бірге кәсіпорындар, мектеп пен балабақшалар да пайдаланбақ.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin