• 24 ноября, 2024 5:21 дп

Шымкент қаласының жер сілкінісіне дайындығы

Автор:admin

Окт 22, 2024

Шымкент қаласының жойқын жер сілкінісіне дайындық тақырыбында үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ, азаматтық қорғаныс қызметінің күштері мен құралдарының жойқын жер сілкінісі жағдайына дайындық деңгейі талқыланды. Жиынға жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, ұялы байланыс операторлары, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ, басқа да уәкілетті органдар қатысты. Кездесу барысында қаладағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері және оны шешу жолдары, соның ішінде «Азаматтық қорғаныс» орталығын құру мәселесі де талқыланды. Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов төтенше жағдайлар департаменті бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлының Шымкент қаласы аумағының сейсмикалық қауіпсіздігі бойынша есебін тыңдады. Жалпы, қала аумағы жер сілкінісіне дайын ба деген сұраққа жауап берді.


– Қала аумағында бір сейсмостанция бар. Сейсмостанция ғимаратының жағдайы күрделі жөндеуді, ал, қолда бар жабдықтар жаңартуды қажет етеді. Соңғы 7 жылда қала аумағында магнитудасы 2 балдан асатын 16 жер сілкінісі орын алған. Ғимараттардың қирауы және құрбан болғандар тіркелген жоқ. Біздің қаламыз үшін жер сілкіністерінің ең үлкен қаупін тудыратын Түркістан облысында (Қазығұрт және Төлеби аудандары) орналасқан Қаржантау тау жоталары болып табылады. Соңғы, 1976 жылы жүргізілген жер топырақтарының құрамын инженерлік-геологиялық зерттеулері қаланың топырақтары сейсмикалық жағынан қолайсыз екенін көрсетті. Осылайша, Шымкент қаласында жер сілкінісі болған жағдайда бір балл жоғары болады, бұл апатты қирауға әкеп соғуы мүмкін,-дейді Еркін Отарғалымұлы. Жиын соңында, қала прокуроры мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігіне қатысты қаралған мәселенің маңыздылығын атап өтті. Жауапты орындаушыларға жоспарланған іс-шараларды аяқтау бойынша кешенді шаралар қабылдау бойынша нақты ұсыныстар беріледі. «Сақтықта қорлық жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Оқыс оқиғадан сақ болу үшін алдымен, қауіпсіздік ережесімен таныс болып, оны сақтау шарт. Арнайы мекеме, қызметтік орындар, тіпті үйіңізге де қауіпіздік ережесін әзірлеп, еңгізіп қойған дұрыс.  Өмірдің әртүрлі салаларындағы ықтимал қауіптер мен осалдықтарды бағалау, соның ішінде инфрақұрылым, мемлекеттік мекемелер, экологиялық жүйелер және т.б. Яғни, өткеннен сабақ алып, болашақта қайталамау керек. Халықты ақпараттандыру және оқыту аса маңызды. Ағартушылық науқандар мен қауіпсіздік жаттығуларын өткізу, азаматтарды төтенше жағдайларда аман қалу және әрекет ету негіздеріне үйрету арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуға болады. Хабардарлық пен коммуникацияны арттыру, инфрақұрылымды және технологияны дамыту басты назарға алыну керек. Дағдарыс жағдайында мониторинг, байланыс және ескерту жүйелерін жақсарту үшін заманауи технологиялар мен инфрақұрылымды қадағалау маңызды. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін халықаралық ынтымақтастықтың да рөлі орасан зор. Қауіпті оқиғаның алдын алу саласында тәжірибе, ақпарат және ресурстар алмасу үшін басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату қажет. Өзге елдерде болған оқыс оқиғалар мен мәселені шешудегі әрекетіне назар аудару арқылы қателікті қайталамаудың алдын алуға болады. Тұрақты аудит және бақылау жүйесі. Әлсіз жақтарды және проблемаларды анықтау және оларды уақытылы түзету үшін қауіпсіздік және төтенше жағдайларға дайындық жүйелеріне үнемі шолулар мен аудиттер жүргізу керек. Ең маңыздысы – мемлекеттік көмек. Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды қолдау, профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға бюджет қаражатын бөлу және төтенше жағдайлардың алдын алу және жою қызметтерін ресурстармен қамтамасыз ету керек. Бұл елімізде іске асырылып жатқан шаралардың бірі.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin