• 24 ноября, 2024 12:54 пп

Шымкент қаласының шет аудандарында көшелер жарықтанады

Автор:admin

Сен 12, 2023

Шымкент қаласында орталық маңызы бар 747 көшенің 472-сі жарықтандырылған екен. Бұл көшелердің 137-сі 2021 жылы, 115 көше 2022 жылы мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында жарықтандырылып, қамтылуы 29,5 пайыздан 63 пайызға өскен. Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылы 104 көшеге жарық шамдар орнатылады. Жырты жылдықтың қорытындысы бойынша, жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, 49 көшеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, жыл соңына дейін жоспарланған көшелерге жарық диодты шамдар орнатылып, қамту көрсеткіші 70 пайызға жетпек. Шымкенттің шет аймақтары сапалы электр қуатымен қамтылды. Солтүстiк Саяжай елдімекенінде тұрғындарды жарықпен қамтамасыз ету жобасы аяқталды. 6000-ға жуық абонент кезең-кезеңімен орталық жарық жүйесіне қосылды. Бұған дейін қала тұрғындары жеке трансформаторды пайдаланғандықтан, ауа-райының қолайсыздығына байланысты электр қуатының жиі өшіп қалатынын айтып шағымданған. Шымкент қаласының іргесінде орналасқан «Солтүстік Саяжай» ықшамауданына сапалы электр жарығы жүргізілді. Сондықтан аймақ тұрғыны Сержан Әлімханов енді теледидары күйіп кете ме деп қорықпастан, кешкісін отбасымен бірге сүйікті фильмдері мен телебағдарламасын көретінін айтады. Сержан Әлімханов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен үй сала бастағанда  көршіден уақытша электр жарығын тартып алатынбыз. Бірақ жел соғады, ауа-райы бұзылады, жарық өшіп қала беретін. Тұрмыстық техника жанып кете ме деп қорқатынбыз. Электр жарығы ауа райына байланысты болатын». Бұған дейін шағынаудан тұрғындары қуаты аз жекеменшік электр желісін қолданған. Кейде бірнеше күн бойы жарықсыз қалған кездері де болған екен. Ал қазір мөлтек ауданға 145 шақырым электр сымы тартылып, жаңа трансформатор мен электр бағаналары орнатылды. «Мемлекет тарапынан сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша барлық жұмыстар аяқталды. Қазір жұмыстарды қабылдап жатырмыз. Шағын аудандағы барлық тұрғын үйлерге электр желілері қосылды. Есептегіштерді орнаттық. Қазіргі уақытта біз мердігер мекемеге қосымша мамандарды жіберіп жатырмыз, осылайша барлығы қазан айының бірінші күніне дейін қосылып үлгерді» Әкімдіктің мәліметінше биыл шеткі аймақтағы бірнеше елдімекен тұрғындары көптен күткен сапалы электр жарығымен қамтылады. Бұл – Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап шағын аудандары. Оларға электр жарығы қосылса, 22 мың жаңа абонент пайда болады деп жоспарланған. Ал 2023 жылы қала халқын толықтай сапалы жарықпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin