Ақжайық шағын ауданында 35 көпқабатты үй болса, қалғаны жеке сектордағы тұрғын үйлер. Ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен толық қамтылған. 3 мектеп пен 12 балабақша бар. Былтыр 8 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілген. Биыл 10 спорт алаңшасының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге шағын ауданда осы жылы 13 көше орташа жөндеуден өтпек. Атап айтқанда, Жағатай көшесінің жалғасы, Оразбай ата, Бетеге жалғасы, Жағатай көшесінің жалғасындағы атауы жоқ көше, №12 көше, Сарбаз көшелеріне асфальт төселеді. Жоспарға сәйкес, жыл сайын орташа жөндеу жұмыстарымен қаланың орталық көшелері ғана емес, ауданның ішкі орамдық көшелері де қамтылады. Бүгінде жоспарланған 308 көшенің 145 көшесі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар бүгінге дейін Ақжайықта 8 көше жарықтандырылған. Биыл Балқарағай, Асфендияров көшесіне жарық барса, 2023 жылдың желтоқсан айында Байсбаев пен Қарасай, 2024 жылы Спанов пен Уали ата көшелеріне жарықшамдар орнатылады. Мұнымен қоса, Шымкент қаласында 2023 жылдың он айында 47 көше жарықтандырылып, қаланы қамту көрсеткіші 24 пайыздан 29,5 пайызға өскен еді. 2021 жылдан бастап қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес мемлекет-жекешелік әріптестік жобасы аясында 104 көшеге жарықшамдар қойылды. Нәтижесінде, бүгінде 747 көшенің 324-і жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызға жетті. Қосымша 12 көшенің жарықшамы қайта жөнделді. Биыл да аталған жоба аясында 102 көше жарықтандырылмақ. Жұмыстар кезең-кезеңімен жыл соңына дейін жүргізіледі. Нәтижесінде, 2023 жылдың он айының қорытындысына сәйкес Шымкент көшелерінің 62 пайызын түнгі жарықпен қамту жоспарланған. 2024 жылы 118 көшені жарықтандырып, қамту көрсеткішін 70 пайызға өсірудің жоспары қойылып отыр. Бүгінге дейін Сәуле шағын ауданындағы 276 орамның инфрақұрылымдық мәселесі қаланың күн тәртібінен түспей келген еді. Ендігі ретте қаланың даму жоспарына сай инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазір 276 орамда инженерлік жүйелермен қамту бойынша құрылыс жоспарлы кестеге сай атқарылуда. Елді мекен ауыз сумен толық қамтылған. Сапалы электр жарығын жеткізу үшін құрылыс жұмысы осы жылы басталған болатын. Соған сәйкес ұзындығы 76,2 шақырымдық ішкі орамдық желі тартылды, бұл өз кезегінде 1 300-ден аса абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туғызып отыр. Ал табиғи газбен қамту үшін ішкі орамдық құбыр жүйесін тарту жұмысы биыл алғашқы жартыжылдықта басталды. Газ жүйелерінің ұзындығы – 28 шақырымды құрайды. Оның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қалалар қай кезде де адамзат өркениетінің күретамыры саналып келді. Мегаполис болған соң ол жерде ғылым да, мәдениет пен экономика да қарыштап дамиды. Ал бұл жағдайда ірі қаланы шеткі аймақтарымен қоса өркендету маңызды. Сондықтан да бүгінгі таңда мегаполистің орталық аудандарынан шетте өмір сүріп жатқан тұрғындарды өзінің нағыз қала азаматы екенін сезіндіруге барынша көңіл бөлініп, жағдай жасалуда.
Jsk ақпарат орталығы