Шымкент қаласы Қазақстанның үшінші шаһары. Мегаполисте атқарылатын жұмыстар әрине аз емес. Бірақ кезек күттірмейтін мәселелерде баршылық. Соның бірі қаланы толығымен табиғи газбен қамту жұмыстары. Өткен 2022 жылдың қорытындысымен қаладағы 81 шағынауданның 50-іне табиғи газ жеткізілсе, 27 шағынаудан жартылай, 4 елді мекен – Қайнарбұлақ, Тәуелсіздікке 20 жыл, Сәуле 276 орам және Айкөлдің жаңақұрылысы мүлдем қамтылмаған еді. 2023 жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, Тұран (3 кезек) мен Асар-2 шағынауданында құрылыс аяқталды. Жыл соңына дейін Тассай, Сәуле 276 орам, Солтүстік саяжай және Бозарық шағынауданындағы 74 гектар аумақтың құрылысын аяқтау жоспары бар. Осылайша жыл қортындысымен газ жеткізу көрсеткіші 94-тен, 96 пайызға өседі. Сондай-ақ, Ынтымақ-2 шағынауданында мердігер мекеме анықталып, газ құбырын тарту құрылысы басталып кетті. Аталған аумақтағы жұмыстар 2024 жылы пайдалануға берілмек. Ал. Қайнарбұлақтың 1, 2 кезең құрылысы үшін қаражат толық бөлінсе, мұнда да жұмыстар келер жылы аяқталуы күтіліп отыр. Шымкентте өткен қыс мезгілі әдеттегіден аязды келіп еді. «Жаз шанасын дайындаған» энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы қыста көпқабатты үйлерге жылу жеткізетін жүйелердін дайындығын пысықтауды сонау мамар айынан бастаған. Бүгінде қала аумағында 838,6 шақырымды құрайтын жылу жүйесі мен 23 қазандық, 17 сорғы станциясы бар. Мамандар осы жылу жүйелерінің тозу деңгейі 37 пайызды құрайтынын алға тартуда. Мәселен, қазандықтардың 30,5 пайызы, сорғы станцияның 41 пайызының тозығы жеткен. Жылу құбырларының тозу деңгейін төмендету үшін жергілікті бюджеттен 6,3 млрд теңге қаржы қаралыпты. –Бөлінген қаржының 3,2 млрд теңгесіне 8,7 шақырым жүйені ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуде. Бүгінге дейін оның 4,9 шақырымы орындалып қойды. Қалған бөлігі қыркүйектің соңына дейін аяқталады. Ал, 3,1 млрд теңгеге 3 жоба негізінде 8,7 шақырым болған жылу жүйесі қайта құрылады. Қазіргі сәтте 2 жоба орындалып, 1,3 шақырымды бір жобаға қала прократурасының ұсынысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізілуде, – дейді қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы М.Ердембеков.
Jsk ақпарат орталығы