• 20 сентября, 2024 1:33 дп

Шымкент қаласы төтенше жағдайларды алдын-алу бойынша кешенді жұмыс жасауда!

Автор:admin

Июн 5, 2024

Төтенше жағдайдың алдын алу, оның салдарын жою қазіргі уақыттың өзекті мәселесі болып отыр. Төтенше жағдай болған жағдайда адамдарды құтқарудағы білікті іс-қимыл жасау, оларға қажет көмек көрсету және апат ошағында құтқару жұмыстарын тиімді ұйымдастыру адам мен материалдық шығынды азайтуға мүмкіндік жасайды. Бұндай жағдайда тұрғындарға уақытылы көрсетілген құтқарушылардың көмегі қажет. Осындай табиғаттың тылсым күштерінің тосын сыйына төтеп беріп, халыққа қиын кезде көмек қолын созатын мекеменің бірі – Төтенше жағдайлар қызметі. Jsk.kz тілшісі Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен танысып, ұжымның тыныс-тіршілігін біліп қайтты.  Азаматтық  қорғау мемлекеттік жүйесін дамыту, саясатын жүргізу, қала аумағында болуы мүмкін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, халыққа төтенше жағдайлар кезінде сауатты іс-қимылдарға үйрету, үгіт-насиахаттау жұмыстарын жүргізу – департаменттің негізгі міндеті. Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғанына алты жылдың жүзі толады. Қала аумағы кеңейтіліп, Түркістан облысының Төле би, Сайрам аудандарының бірқатар ауылдық округтері қосылып, нәтижесінде Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандарына қоса, жалпы көлемі 33 гектарды құрайтын және 200 мыңнан аса халқы бар Қаратау ауданы жаңадан құрылды. Әрине, бұндай жағдайда қаланың адам саны да, жер көлемі де өседі. Өрт орын алған жағдайда тез арада ден қою мақсатында Қаратау ауданындағы Достық шағын ауданында республикалық бюджеттің есебінен жаңадан алты өрт сөндіру депосы ашылды. Қазіргі таңда қала аумағында 9 өрт сөндіру бөлімі қызмет етіп тұр. «Республикалық маңызы бар қалаға бұл жеткілікті ме?» деген сауал туындайды. Сөйтсек, Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында Департамент аппараты үшін әкімшілік ғимараты бар 4 автомобильге арналған өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр екен.  Сонымен қатар, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Түркістан көшесі бойында орналасқан № 3 өрт сөндіру бөлімінің құрылысын бастау жоспарлануда, құрылыс құны – 559 млн теңге.  Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 241 квартал, 702 уч. № 6 өрт сөндіру бөлімінің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Құрылыстың болжамды құны – 770 млн теңге. Құрылыс толық аяқталып, ел игілігіне берілді. Қаратау ауданы, Тұран шағын ауданында 4 шығуға арналған өрт сөндіру депосының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу басталды. Қайнар бұлақ саяжайында жедел-құтқару жасағының ғимараттары салынуы жоспарланған. Шымкент қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы (мемлекеттік әріптес) мен «құтқару техникасы» ЖШС (жекеше әріптес) арасында «Шымкент қаласының өрт техникасын жаңғырту және сервистік қызмет көрсету» жобасы бойынша жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шарты шеңберінде жекеше әріптес кезең-кезеңімен 31 өрт және құтқару техникасын жеткізу жүзеге асырылды. Департаменттің штат саны 942 бірлікті құрайды, оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері – 84 бірлік, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі – 858 бірлік. Тарқатып айтар болсақ, басшылық құрам 171, қатардағы құрам 670, әкімшілік мемлекеттік қызметшілер 12, азаматтық қызметшілер 89.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin