Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2024 жылға өтпелі. Осы жылдың он айлық қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде, қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99 пайызға жетеді. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2024 жылы жоғарыда келтірілген дерекке сай, 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Сонымен бірге жауапты мамандар 2025 жылы мегаполис толық сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілетінін айтады. Қазіргі уақытта 8 елді мекенде ғана электр қуатының сапасы төмен. Табиғи газ да алдағы 3 жылда толық шешімін табады. Газ бармаған қалада 8 елді мекен қалып отыр. Мегаполис құрамында бұрыннан болған тұрғын алаптарында негізінен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым проблемасы халықты көбірек мазаласа, Түркістан облысынан қала құрамына өткен елді мекендерде жер учаскесіне байланысты құжаттық мәселелер заңдастыруға келгенде тұрғындар алдынан кесе көлденең шығуда. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының берген мәліметтеріне назар салсақ, мегаполистің елді мекендеріне ауыз сумен бірге өзге де инженерлік инфрақұрылымды тарту жұмыстары жоспарға сай кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Айталық, Қаратау ауданына қарасты Достық шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамту өзекті мәселенің бірі еді. Бүгінде электр тарату бекетіне керекті жабдықтар орнатылды. Шағын ауданды қажетті электр энергиясымен қамтуға жалғап қосу, қосылу көзіне кабель желісін жалғау және 13 электр трансформаторын орнату, 7 шақырым 10 кВ кабель желісін тарту секілді жұмыстар кіреді. Құрылыс жұмыстарынан кейін қарашада үйлерді ресми қуат көзіне жалғау, абоненттеу жұмыстары қолға алынады. Сапалы электр қуатымен қамту үшін 8 нысанда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Басталған іс осы қарқынынан таймаса, жыл соңына дейін шымкенттіктердің 99 пайызы сапалы электр қуатын тұтынады. Достық шағын ауданының халқы енді газдан тапшылық көрмейді. Бұл бойынша атқарылған жұмыстардың барысын көзбен көруге барған Шымкент қаласының әкімдігінің жауапты сала басышылары жергілікті халықпен жүздесіп, «2021 жылдың желтоқсан айында 46,06 шақырымға газ жүйесі тартылған болатын. Көгілдір отынмен қамтуда АГРС-3 нысанының іске қосылуын күттік. Енді, міне, көптен күткен жұмыс толық аяқталып, сіздерге газ беріліп жатыр. Құжаттары дайын үйлерге газ қосылды. Енді қалғандарыңыз да күз басталмай құжаттарыңызды әзірлеп үлгеріңіздер», деген болатын. Жалпы, Достық шағын ауданында 2 686 үй болса, тұрғын саны – 15 750 адам. 2 625 нақты абонемент бар. Өз кезегінде мердігер мекеме «ГХ Шымкентгаз» ЖШС аталған жобаны 957,838 млн теңгеге атқарып, жұмысты мерзімінде аяқтады.
Jsk ақпарат орталығы