• 24 ноября, 2024 7:43 дп

Шымкент қаласы: Қонаев даңғылының жалғасы салынып жатыр

Автор:admin

Сен 9, 2023

Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Соның бірі Қонаев даңғылының жалғасы. Аталған даңғыл қаламыздың оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын күре жол болмақ. Қазіргі Колос маңындағы автокөліктер тығынын болдыртпау үшін бұл жолдың салынуы өте маңызды. Жол қауіпсіздігі – мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық дамуына әсері бар басты мәселелердің бірі екенін ұмытпауға тиіспіз. Шымкентте бұл бағыттағы жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Жолдың жайлылығын, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары «Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арнаған дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асып келеді.  Қазір қаланың оңтүстік бағытындағы жалғыз кірме-шығыс жолында жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Салаға жауапты мамандар нысанға арнайы барып, жұмыс барысын қадағалады. Жоба бойынша нысан 6 кезеңнен тұрады. Қазір жалпы жұмыстың 27 пайызы атқарылған. Құрылыс жұмыстарына 53 адам, 20 техника жұмылдырылған. Қонаев даңғылы жалғасының 5-ші кезеңі Бадам өзенінен Әскери бөлімінің тұсына дейінгі аумақты қамтиды. Бұл аралықтың ұзындығы – 4,7 шақырым, ені – 42 метр, 6 жолақты. Ал нысанның 6-шы кезеңі Әскери бөлімнің тұсынан ПК-132 дейінгі аралық, бұл кезеңнің ұзындығы – 8,5 шақырым, ені – 15 метр, 4 жолақты. Дәл қазіргі уақытта автомобиль жолының жер төсемдері салынуда. Бригадалар жер асты суы өтетін темірбетонды құбыр орнату жұмыстарын қолға алған. Осыған дейінгі аралаудағы жауаптыларға жолды кесіп өтетін 110 кВ магистральді электр желісін қайта орнату бойынша берген тапсырмасы бүгінде орындалған. Сондай-ақ әкімнің тапсырмасына сәйкес, қазір Бадам өзенінен өтетін көпірді Саттарханов көшесімен қосу жұмыстары іске асырылуда. Құрылыс барысын тексерген әкімдік қызметкерлері жауаптыларға қыркүйекте аталған аралықтағы жұмыстарды және 6-кезеңде Оңтүстік айналма жолы арақашықтығын толық аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin