Шымкент қаласы Самал-3 шағынауданының тұрғындары қала әкімімен кездесуде кәріз жүйелерінің құрылысы жөнінде талап-тілегін жеткізген болатын. Аталған шағынаудандағы 63 көшеде 6 800 үй бар. Бүгінде қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 33 көшеде кәріз жүйесінің құрылысы жүруде. Нысанды пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 4300 үйге орталықтандырылған кәріз жүйесі қосылады. №6 емхана маңындағы қалған 30 көшедегі 2500 үйге биыл ЖСҚ әзірленіп, құрылыс жұмысы 2023 жылдың жоспарына енгізілді. Жалпы, Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Бүгінде қамту көрсеткіші 54 пайызды құраса, жыл соңына дейін 60 пайызға жеткізу көзделген. Шымкент қаласының кәріз жүйесімен қамтамасыз етілу деңгейі 49,1 %-ды құрап отыр. Бүгінде қала аумағында жалпы 838 шақырым кәріз құбыры болса, оның 168 шақырымы магистралды және 670 шақырымы – ішкі орамдық жүйелер. Дегенмен, құбырлардың 73%-ның тозығы жеткен. Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, мегаполистегі кәріз жүйесінің өзекті мәселелерін 2025 жылға дейін шешу мақсатында қазіргі тазарту имаратаның жанынан қосымша кешен құрылысы салынуда. Шымкент қаласында қазір тәулігіне қуаттылығы 150 мың текше метр ағын су тазарту имараты жұмыс істеп тұр. Көктем мен күз айларында кәріз тазарту тәулігіне 160-170 мың текше метр қар мен жаңбырдан қалған ағынды сулар келіп қосылады. Сондықтан тазаарту имараты жанынан салынып жатқан қосымша нысан тәулігіне 50 мың м3 ағын суды өткізе алады. Тағы бір айта кетерлігі, бас жоспарға сәйкес қаланың солтүстік бөлігінде көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқандықтан, кәріз жүйесін тұтынушылар санының күннен күнге артуда. Қазіргі уақатта «Шым Сити» және Тұран шағын ауданында тұрғындардың жалпы саны сексен мыңды құрайды. Осыған орай Еуропалық Даму және қайта құру Банкінің «Жасыл қала» бағдарламасы аясында кәріз тазарту имаратының қосымша ғимарат салу жоба құны – 3,5 млрд. теңгені құрайды. Кешенді жаңа технологиялық нысанның құрылысы екі жыл қатарынан жүргізіліп, 2024 жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Jsk ақпарат орталығы