• 24 ноября, 2024 2:01 пп

ШЫМКЕНТ: ҚАНДАСТАР МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНДА

Автор:admin

Ноя 4, 2022

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.  Мұнда тарихи Отанына оралған қандастарымыз 6 ай мерзімінде тегін тұрып, ақысыз қызмет түрлерін пайдалана алады. Орталықта бүгінде 8 отбасы 27 қандас бейімделуде. Оның 15-сі — балалар, 12-ы — ересектер. Қызмет алушылар үшін- асхана, демалатын бөлме және арнайы оқу бөлмесі қарастырылған. Қандастарға 6 түрлі кіші кәсіптік мамандық (аспазшы, кондитер, есеп және аудит, электрик, тігінші, газэлектродәнекерлеуші) және қазақ тілі, орыс тілі, ҚР Заңнамасы, ҚР тарихы, этно-педагогика (әдет-ғұрып), халық педагогикасындағы отбасылық тәрбие сынды 6 пәндік дәрістер қалаулары бойынша  оқытылады. Сондай-ақ,  жеке меншік оқу орталықтарымен жасалған әріптестік байланыс аясында, 5-17 жас аралығындағы балалар, «Шешендік өнер», «Зергерлік өнер», «Шахмат», «Домбыра»,»Биссермен өру», үйірмелеріне тегін қатысуға мүмкіндік алған.  Ал, ұжым қызметкерлерінің атсалысумен  орталыққа «Отбасы банк» кеңесшілері келіп, тұрғын үй жайлы ақпараттар ұсынып, нәтижесінде 5 қандас өз депозиттерін ашқан.  Күнтізбелік жоспарға сәйкес, тұрақты түрде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, атажұртына оралған қандастарымыз мәдениет ошақтарына және тарихы қасиетті орындарға жиі барып, ұлттық салт-дәстүрімізбен етене танысуда.  Айта кетейік, орталыққа 2008 жылдан қазіргі таңға дейін 789 отбасы, 2216 қандас келіп бейімдеу қызметтерін пайдаланып, 1060 қандас кіші кәсіптік мамандық алып шыққан. Қандастарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу, саяжай құрылысы үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елдi мекендердiң жерлерінен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, иммиграциялық жер қорынан, арнайы жер қорынан және босалқы жерлерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi. Қандастарға шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасына қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасынан тыс қоныс аударған қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді қамтитын біржолғы жәрдемақылар белгілеуі мүмкін. Жәрдемақыларды төлеудің тәртібі мен шарттарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалар негізінде бекітеді.

Jsk ақпарат

Автор: admin