• 20 сентября, 2024 1:40 дп

Шымкент: Қаржы пирамидасын жарнамалайтын 450 веб-сайт бұғатталды

Автор:admin

Авг 4, 2024

Елімізде қаржы пирамидасынан зардап шегетіндер қатары азаяр емес. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына осы келеңсіз құбылыспен аяусыз күрес жүргізу керектігін ескертіп, «Көптеген азаматтарымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болуда. Мұндай қылмыстық істерді жүзеге асыру үшін алаяқтар бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Күмән тудыратын осындай белсенділікті уақытылы анықтаған жағдайда көптеген адамдарды шалыс басудан сақтап, алаяқтарды жазалауға болар еді», — деп атап көрсеткен еді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Шымкентте қаржы пирамидаларының жолын кесуге, сондай-ақ тұрғындарды одан сақтандыруға айрықша маңыз беріледі. Шымкент Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері қаржы пирамидасына қарсы күрес жолдарына егжей-тегжейлі тоқталды. Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің басшысы, полковник Бақыт Қайшыбековтің айтуынша, Департаменттің негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қала аумағында қаржы пирамидаларымен күрес, олардың алдын алу, қылмыстарды анықтау және тергеу болып табылады. Қазіргі интернет дамыған заманда әртүрлі заңсыз сайттар және парақшалар пайда болуда, әлеуметтік желілерде заңсыз қызметтер көрсетіледі, пирамида және бәс тігу жарнамалары да көп. Бұл бағытта департамент цифрлық даму, инновациялар министрлігімен бірлесе атқарылған жұмыстар нәтижесінде, ойын бизнесі және қаржылық пирамида саласында заңсыз веб-сайттарды және парақшаларды бұғаттау мүмкіндігін иеленді. Бұл мүмкіндік «Кибернадзор» жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде жыл басынан 450-ден астам қаржы пирамидасын жарнамалайтын веб-сайттар және әлеуметтік желілердегі парақшалар бұғатталып, ватсап және телеграмм жүйелеріндегі 10 топ жабылған. Енді Департамент тарапынан халық көп шоғырланатын «Қажымұқан» стадионындағы экранды ауыстырып, орнына заманауи экранда үзіліс кезінде, матч басында халыққа қаржы пирамидасы, лудомания және т.б зияндығы туралы бейнероликтерді жариялау ұсынылады. Өйткені профилактиканың ең тиімді жолы – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және насихаттау.
Департаменттің бастамасымен Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасына ұсыныс хат жолданып, жұма намазы кезінде осы қаржылық пирамидаларының зияны туралы уағыз айту мәселесі қолдау тапты. Сөйтіп өткен жылы қараша айында еліміздің бүкіл мешіттерінде осы тақырып бойынша имамдармен түсіндірме-насихаттау жұмыстары жүргізілген. Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің басшысы Қайшыбеков Бақыт Сапарғалиұлы мынадай ұсыныстарды ортаға тастады:
— қала аумағында ішкі саясат басқармасы арқылы қаржы пирамида бойынша билборд санын арттыру;
— Дін істері басқармасы арқылы лудомания, қаржылық пирамида, алкоголь өнімдерінің зияны туралы мешіттерде халық назарына үнемі жеткізу;
— білім басқармасы арқылы қаржылық сауаттылық бойынша мектеп оқушылары арасында олимпиада өткізіп, жүлделі орын алған оқушыларды ынталандыру.
Сонымен бірге өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Байқа, пирамида», АФМ инсайдер телеграм-боттарының мүмкіндіктерін халыққа жеткізу және түсіндіру жайлы жоспар, ұсыныстарын айтып өтті.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin