Еліміз соңғы жылдары инклюзивті қоғам құруға бет бұрып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға тең мүмкіндіктер ұсынуға айрықша мән беріп отыр. Бұл саясаттың айқын көрінісі — Шымкент қаласында мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қолдау бағытында қолға алынған жүйелі жобалар. Соңғы жылдары қалада бірнеше арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жобалар тек инфрақұрылым саласына қатысты емес, олар терең әлеуметтік мәнге ие, себебі адамның қадір-қасиеті мен теңдігін мойындауға бағытталған. Бұл жобалар тек ғимарат салумен шектелмейді. Олар мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау мен оларға деген құрметті арттыру саясатының нақты нәтижесі болып отыр. Қазақстан 2015 жылы БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына қосылып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың теңдік, қатысу, қолжетімділік және өзін-өзі дамыту құқығын ресми түрде мойындады. Бұл заңдық құжаттар — қағаз жүзіндегі міндеттемелер ғана емес, оларды жүзеге асыру үшін инфрақұрылымдық, құқықтық және мәдени деңгейде өзгерістер қажет. Шымкентте бұл бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Қазір шаһарла 14 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, онда 1 600-ден астам қызметкер еңбек етеді. 2025 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша 42 479 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың 3 236-сы арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған. Қалада 4 “Белсенді ұзақ өмір” орталығы мен “Бақытты жанұя” орталығы (қазір “Отбасын қолдау орталығы”) ерекше топтарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек ұсынады. 2025 жылы 160 әлеуметтік нысанға пандус орнату көзделіп отыр. Бұл — қоғамның қолжетімділікке қарай нақты бет бұрғанының белгісі. Қоғамдық көзқарас пен мәдени инклюзия: Әлі де жұмыс бар Инфрақұрылымдық жетістіктер маңызды, бірақ мәдени тұрғыдан инклюзивтілік әлі де кемшін түсіп жатады. Көп жағдайда ерекше қажеттіліктері бар адамдар әлі күнге дейін әлеуметтік оқшаулану, ақпаратқа қолжетімділіктің төмендігі, жұмысқа орналасу кедергілері сияқты мәселелерге тап болады. Бұл проблемалар тек мемлекеттік саясатпен емес, қоғамдық көзқарас пен тәрбиемен де тікелей байланысты. Әлеуметтік серпін – баршаға ортақ құндылық Шымкент қаласындағы әлеуметтік жобалар — мүгедектігі бар азаматтарды қолдау ісінің аймақтық деңгейде жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл тек құрылыс немесе жөндеу жобалары емес — бұл теңдік пен әділеттілікке негізделген қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Мемлекеттік деңгейде қабылданған стратегиялар мен жергілікті деңгейдегі нақты істер үндестік тапқанда ғана біз шынымен инклюзивті қоғам құра аламыз. Ал бұл қоғамда мүгедектігі бар азаматтар – қоғамның белсенді, құнды және тең құқықты мүшесі ретінде өмір сүруі тиіс.
Jsk ақпараттық агенттігі