Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде Қазақстанда денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, ерекше жетістіктерге қол жеткізді. Бұл айтылғандардың жалаң сөз емес екендігін дәлелдеу үшін нақты деректерге кезек беріп көрейік. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мемлекеттік бюджет есебінен 1312 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 8 медициналық ғылыми орталық, 32 мамандандырылған медициналық орталық, 176 аурухана, 144 емхана, 907 амбулатория және қан орталығы сияқты 45 мамандандырылған денсаулық сақтау орталықтары бар. Елімізде Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген медициналық кластер қатарында Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығын, Республикалық балаларды оңалту орталығын, Республикалық диагностикалық орталықты, Ұлттық нейрохирургия орталығын, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығын, Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталығын ерекше атап өткен жөн. Бұл орталықтар бүгінгі медицинаның ең озық үлгідегі технологиялық құралдарымен жабдықталып, әлемдік дәрежедегі жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Қазір бұл заманауи медициналық орталықтарда шетелдерден келген белгілі медицина мамандарымен бірге денсаулық сақтау саласының әлемдік жетістіктерін меңгерген қазақстандық білікті мамандар еңбек етеді. Шымкент қаласының №1 қалалық клиникалық аурухана базасында заманауи ангиографиялық ота жасау бөлмесі ашылды. Жаңадан орнатылған қондырғы арқылы диагностикалық тексерулерді өткізе отырып, күрделі оталарды жасауға мүмкіндік артты. Ота жасау бөлмесінің салтанатты ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов, Ұлттық Нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов қатысты. М.Әйтенов қалада денсаулық саласын дамыту жұмыстарының жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтты. Қаламызда соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 млрд. теңге қаражат бөлініп, қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жетті. Ангиографиялық аппараттар 2020 жылы №2 қалалық ауруханаға, 2021 жылы Қалалық клиникалық балалар ауруханасына және Қалалық онкологиялық орталыққа орнатылып, халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қол жетімділігін арттырды. Медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарады деп сенемін,- деді. Мұнда бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсулть алған науқастарға жоғары технологиялық операция жасалады. Жаңадан орнатылған ангиографиялық жүйе соңғы буындағы құрылғы болып табылады, құны 1 млрд.теңгеге жуық. Жүйенің ерекшелігі екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық, интервенциялық оталарды жасауға, тамырларды 3D кескінде тексеруге, отаның барысында компьютерлік томография өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еліміздің республикалық клиникалары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізуге болады. Қаланың және жақын орналасқан өңірлердің науқастарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.
Jsk ақпарат