Мемлекет тарапынан экономикалық процестерді реттеу кез келген қоғамдық жүйенің, соның ішінде қаржыны басқарудың ажырағысыз элементі болып табылады. Нарықтық қатынастардың құрылымында да, мемлекет тарапынан оларды реттеу механизмiнде де қаржы және оның негiзiндегi салық жүйесi мен салық салу механизмi зор рол атқарады. Салықтар мемлекеттер пайда болуымен бiрге пайда болды. Мемлекет құрылымының өзгеруi, өркендеуi әрқашан салық жүйесiнiң қайта құрылуымен және жаңаруымен қабаттаса жүредi. Экономиканы салықтық және соның негізінде қалыптасатын бюджеттік реттеудегі басты саясат фискалдық саясат болып табылады. Ол экономиканы салықтық тежеу мен ынталандыру, бюджеттік қолдау мен реттеу шараларының жиынтығынан тұрады. Экономиканы мемлекеттік қаржылық реттеу – бұл макроэкономикалық тепе-теңдіке және экономиканың жұмыс істеуінің әрбір нақтылы кезеңінде оның үдемелі дамуына әсер ету үшін, сондай-ақ қаржы ресурстарын шебер пайдаланудың күнделікті процесін қамтамасыз ету үшін шаруашылық жүргізуші субъектіге мемлекеттің қаржылық ықпал жасауының нысандары мен әдістерін мақсатты және нақты қолдану процесі. Қаржылық реттеудің түрлері салықтық, бюджеттік, мемлекеттік-кредиттік, кедендік-тарифтік, валюталық-қаржылық реттеулерді қамтиды. Осы аталған экономиканы қаржылық реттеулердің ішінде салықтық реттеудің орны мен маңыздылығы ерекше болып табылады. Экономиканы салықтық реттеуде тура және жанама салықтар қолданылады. Нарықтық экономика кезінде экономикалық, соның ішінде қаржылық нысандар мен әдістер арқылы жанама реттеме негізгі қолданыста болады. Дүниежүзілік тәжірибе салықтық реттеуде келесідей реттеу әдістерін: салық салуда – салықтардың мөлшерлемелері, салық салу жөніндегі жеңілдіктер мен санкциялар, салықтық-бюджеттік ынталандыру және тежеу саясаттары, салықтық бөлу және қайта бөлу, бақылау қызметтері жатады. Салықтардың экономикалық мәні олардың өзінің функциялары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін мемлекет жұмылдыратын ұлттық табыстың бір бөлігі болып табылады. Салықтар өз кезегінде қаржының бастапқы категориясы. Салықтардың мәнiн толық түсiну үшiн олардың экономикалық маңызын түсiну қажет. Ал салықтардың экономикалық маңызы олардың атқаратын қызметiне тiкелей қатысты.
Jsk ақпараттық агенттігі