Бүгін Шымкентте “Шымкент думан” республикалық әзіл-сықақ фестивалі басталды. Бұл фестивал белгілі сатирик, халықтың сүйікті қаламгері Көпен Әмірбектің туғанына 75 жыл толуына орай қала әкімдігінің қолдауымен Шымкент қаласы Мәдениет Басқармасы ұйымдастырды.
Оған еліміздің бірнеше өңірінен сатира театрлары мен әзілкештер жиналды. Қатысушылар екі кезең бойынша өнер көрсетті. Біріншісінде еркін тақырыптағы монологтары мен интермедиялар көрсетілсе, екінші турда Көпен Әмірбектің шығармалары орындалып, сатириктің мол мұрасын насихатталды. Себебі, сатира жанрында өз қолтаңбасын қалдырған жан. Оның шығармалары халықтың санасына ой салып, өткір тілімен елді күлдіре отырып, ойландыратын терең мағыналы дүниелерден тұрды.
Жалпы, әзіл – қоғамның айнасы, ол арқылы елдің көңіл-күйі, қоғамдағы өзекті мәселелер мен шындықтың боямасыз көрінісі бейнеленіп жатады. Әзілдің астарында халықтың мұңы да, қуанышы да, үміті де бар.
Жақсы әзіл – тек көңілді көтеру ғана емес, ол адамның ой-санасына әсер ететін, кейде қоғамдағы түйткілді мәселелерге назар аудартатын күшті құрал. Сатира мен юмор арқылы айтылған шындық өткір де, ойландырарлық болып келеді.
Фестивальдің әділқазылар алқасының құрамында қазақ сатирасының майталмандары Бауыржан Ибрагимов, Мұхтар Шерім, Жүсіп Ақшора, Жұлдызай Дүйсенбиевалар болды.
Бұл фестиваль сатира жанрының қоғамдағы маңызын көрсетіп қана қоймай, жас сатириктерге үлкен мүмкіндік сыйлады.
Өйткені, күлкі – өмірді жеңілдететін құбылыс. Ол адамға рухани күш береді, қиындықтардан шығудың жолын табуға көмектеседі. Шынайы әзіл қоғамды жақсартуға, сананы өзгертуге ықпал етіп, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтады.
Айта кетейік, фестиваль ертең «Tulip Hall» концерттік залында гала-концертпен жалғасады.
ЮМОР МЕН САТИРА: ШЫНДЫҚТЫ АЙТУДАҒЫ ӨНЕР
