«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деген еді. Бұл кəсіби тарихшылардың алдына орасан зор міндеттер мен жауапкершілікті жүктейді. Себебі қазіргі жəне болашақ ұрпақ халқымыздың осы күнге дейінгі жүріп өткен жолы, қиын да қилы тарихи кезеңдері туралы мағұлұматтарды осылардың еңбегі арқылы біліп, зерделеріне түйеді. Сондықтан тарихтың шынайы жəне объективті түрде жазылуы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өткен жылғы Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында қазіргі таңда тарих ғылымның рөлінің өзгергені қадап көрсетілді. Ендігі жерде тарихшы фактілерді тізбелеп, суреттеп отырушы, оқиғаларды тек «тіркеуші» емес. Ендігі жерде тарихшы «пайымдаушыға» – зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерттеп қана қоймайтын, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға айналуға тиіс, – делінді отандық тарихшы-ғалымдардың алдына шынайы тарихымызды жазудың міндетін қою еді. Жалпы, қазір тарихты кім болса сол өзінше жазатын жағдайлар көптеп кездеседі. Меніңше шынайы тарихты кəсіби тарихшылар негізгі дерек көздеріне сүйене отырып жазғаны дұрыс. Олай болмаған жағдайда біраз уақыттан кейін болашақ ұрпақ ұлтымыздың тарихының қайсысы шынайы, қайсысы ойдан шығарылған тарих екендігін айыра алмай қалады. Ал, бұл жағдай тарихты жетік білмейтін, негізгі дереккөздерімен жұмыс істемеген, шынайы тарих пен жалған дүниелерден тұратын тарихты ажырата алмайтын мəңгүрттікке əкелері анық. Енді тереземіз тең, тəуелсіз Қазақстан Республикасы болып алға өрлеген жағдайда, «Қазақстан тарихын» жиналған археологиялық-этнографиялық, ауызша жəне жазбаша бай деректерді кешенді түрде зерделеудің нəтижелеріне сүйене отырып, ғылыми тұрғыдан қайтадан жазуды еліміздің алдыңғы қатарлы ғалымдарының қолға алуы көп үміт күттіреді. Əсіресе, өткен жылғы Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысындағы бастамадан кейін тарих ғылымында жаңаша серпіліс пайда болып, жұртшылықтың тарих ғылымына деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Еліміздің тарихшы ғалымдары «Халық тарих толқынында» атты бағытпен біраз игі істерді жүзеге асырды. Əсіресе, шет елдердің мұрағаттарында жатқан еліміздің тарихына байланысты жазба деректердің бай қорының жиналуы қуанарлық жағдай.
Jsk ақпарат