Қазақ жазуын латын графикасына көшіру төмендегідей қағидаттарға (принциптері) негізделеді: — адам және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандығын сақтау; — эволюциялылық және кезеңдік ұстанымды сақтау; — қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру барысында әлеуметтіксаяси, мәдени-тарихи, ақпараттық технологиялық, лингвистикалық және экономикалық аспектілерді үйлестіріп отыру; — билік пен азаматтық қоғамның өзара диалог пен ынтымақтастықта болуы; — Қазақстандағы барлық этностық топтардың мүдделерін ескеру. Тұжырымдаманы әзірлеу және жүзеге асырудың құқықтық негізі: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық Пакті, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңы, «Қазақстан 2050» Стратегиясы, «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру Стратегиясы», Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы, Қазақстан Республикасында мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту тұжырымдамасы. Қазақстанда әлеуметтік-саяси жағынан біртұтас ұлт қалыптастыруға бағытталған ұлттық саясат жалпықазақстандық азаматтық қоғам негізінде жүзеге асырылады. Мұндай қауымдастық жетекші ұлттың айналасына ұйысуы тиіс азаматтық ұлт немесе мемлекет құраушы этнос – «қазақ» деп аталады. Ондай ахуалдың тек Қазақстанда орын алып отырғандығында емес, бұл жалпы әлемдік тәжірибе болып саналады. Мемлекет азаматтық ұлт шеңберінде олардың этникалық және басқа да әркелкілігіне қатыссыз өзінің барлық азаматтарына тең құқықтар ұсынады. Сонымен бірге, бұл арада негізгі, жетекші ұлттың мәселелері мен қажеттілігін ешқашан тасада қалдырмайды. Ұлттық құрылыстың осындай моделі аталмыш мемлекетте тұратын қалған басқа этностар (диаспоралар) мемлекет құраушы ұлттың жетекшілігін мойындаған жағдайда табысты болуы мүмкін. Бұл үшін ірі ұлттың күшті бірегейлігі болуы керек. Жетекші, мемлекет құрушы этнос ретіндегі қазақтардың өзге мәдениеттердің ықпалына ұшырамайтындай анық бірегейлігінің қалыптасуы Қазақстанда азаматтық ұлттың қалыптасуына негіз болып отыр. Қазақ жазуын латын графикасына көшіру ұзақмерзімді, келешекте қазақтардың ұлттық бірегейлігін, сонымен қатар қазақстандық азаматтық бірегейлікті де нығайтуға ықпал ететін маңызды реформа болып табылады.
Jsk ақпарат