Ұлттық жаңғыру бағытында атқарылатын шаралардың бірі ретінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі туралы айтқан ойлары жұртшылықтың, әсіресе, тіл мамандарының ерекше қолдауына ие болып отыр. Бұл мақала қазақ әліпбиі мен жазуын латын графикасына көшіру арқылы елімізді рухани жаңғыруға бастайтын маңызды құжат. Қазақ әліпбиі мен жазуын латын қарпіне көшіру мәселесі туралы еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап ғылыми ортада сөз қозғала бастаған еді. Ғылыми қауыммен кездесулерде, басқа жағдайларда да тіл мәселесіне ерекше назар аударып жүретін Қазақстан халықтары Ассамблеясының 2006 жылғы 24 қазанында өткен ХІІ сессиясындағы сөзінде «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік»,- дей келіп, «біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», — деген болатын. Одан кейін 2012 жылғы «Қазақстан — 2050» «стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», — деп тағы да атап көрсеткен еді. Ал осы жылғы сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мемлекет басшысы «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек»,- деп, нақты тапсырма берген болатын. Латын әліпбиі туралы алғаш сөз қозғалғаннан бері ғылыми ортада латын әліпбиінің мүмкіндіктері мен оны қазақ әліпбиіне көшіру мәселесі жөнінде түрлі дәрежедегі талқылаулар болып, көптеген ғылыми зерттеу мақалалар да, түрлі авторлардың құрастырған әліпбилері де жарияланды. «Қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп атап көрсеткендей, қазақ жазуын латын әріптеріне көшірудің басты мақсаты — бұл қазақ тілін дамыту үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Қазіргі орфографиямызды жетілдіру, сөзіміздің қазақ тілінің табиғи үндесіміне сай жазылуын қамтамасыз ету болып табылады. Заман ағымына сай тіл де үнемі дамып, сөздік құрамы толыға түседі. Күнделікті өмірде танылған барлық заттар мен құбылыстар сол тілде сөз арқылы қолданыс табады. Егер осы сөздер өз ана тілінде, немесе ана тілдің заңдылығына бейімделіп қолданылмаса, онда кез-келген тілдің сөздік қоры жұтаң тартып, ол тілдің табиғи заңдылықтары бұзыла бастайды. Барлық уақытта да тілдің өзіндік заңдылықтарын ескеріп, үнемі жетілдіріліп отыруы керек. Қазіргі жазуымызда басшылыққа алатын негізгі емле ережелеріміз 1983 жылы қабылданды, одан бері тілімізге енген сөздер де көбейді. Сондықтан сөзіміздің қазақ тілінің басты заңдылығы-үндестік заңына сай жазылуына назар аударған жөн. Мысалға, қазақтың Жанар, Айнұр, Өтеміс деген аттарын Жанара, Айнура, Утемис деп айтуға үйреніп кеттік. Қазақтың үндесе айтылатын сөздерін Ысмайыл-Смайл, Ысқақ-Сқақ, Ырысты-Рысты деп тіліміздегі дыбыстар тіркесін, айтылым заңдылығын бұзып жүрміз. Мұндай мысалдар өте көп. Қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін, қазақ сөзін сол дыбыстармен айтып-жазу керек екендігін де сақтамай, кейінгі ұрпақты шатастыра бастадық. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде «х» дыбысы жоқ. Сондықтан қабар-хабар, қош-хош, қат-хат, қан-хан деген сөздерде қазақтың «қ» дыбысының орнына орыс тілінің «х» дыбысын жазғаннан сөздің мағынасы өзгеріп тұрған жоқ. Бұл бір дыбысты екі әріппен жазу деген сөз, басқаша айтсақ, бір адамның екі түрлі төлқұжаты бар дегенмен бірдей болады. Бұл тіл заңдылығын бұзу болып табылады, яғни грамматикалық және орфоэпия-орфография заңдылығы бұзылды.
Jsk ақпарат