• 7 ноября, 2025 11:58 дп

Қала тыныштығы кімнің қолында? Шымкентте қоғамдық қауіпсіздік талқыланды

Автор:admin

Ноя 7, 2025

 

Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздік тақырыбы тағы да күн тәртібіне шықты. Бұл жолы мәселе тек қағаз жүзінде емес, нақты фактілер мен халық пікіріне сүйеніп талқыланды. Қазақстан Халық партиясының қалалық филиалы «Халық үні» жобасы аясында ұйымдастырған дөңгелек үстелде шаһардың жарықтандыру жүйесі мен учаскелік полиция пункттерінің жұмысы егжей-тегжейлі қаралды.

Партия өкілдері мен еріктілер 27-30 қазан аралығында қала көшелерін аралап, өз көздерімен көріп, тұрғындардың пікірін тыңдаған. Қараңғы көше, жарығы жанбаған аялдама, есігі жабық полиция пункті — бәрі назардан тыс қалмады. Тіпті сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде жастардың көпшілігі өз аудандарындағы учаскелік полиция пунктінің қайда орналасқанынан бейхабар екені анықталған.

Бірақ бұл пікірге полиция өкілдерінің өз уәжі бар. Олардың айтуынша, учаскелік инспекторлар халықпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Тұрғындарға визитка таратып, әлеуметтік желілерде ашық ақпарат беріп отырады. Тіпті кейбірі түнгі кезекшіліктен кейін де тұрғындардың өтінісін орындауға тырысады.

Дөңгелек үстелге Шымкент қалалық полиция департаментінің бес аудандық басқарма басшылары, криминалдық полиция бөлімдерінің жетекшілері және Қаратау ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында тәртіп сақшылары өз ұсыныстары мен қиындықтарын да жасырмады. Олар демалыс күндері ақысыз кезекшілікке шығу, спорттық және мәдени іс-шараларда күзетте болу сияқты қосымша міндеттердің көптігін айтты.

— Біз өз жұмысымызды сүйеміз. Бірақ кейде ресурстың аздығы мен жүктеменің көптігі нәтижеге әсер етеді. Сол себепті қоғам мен билік өкілдері бірлесе әрекет етуі керек, – деді жиынға қатысқан полиция өкілі.

Партия өкілдері айтылған барлық ұсыныстар мен мәселелерді назарға алатынын, қоғамдық бақылауды күшейтетінін жеткізді.
— Қоғамдық қауіпсіздік – жай ғана полицияның емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Бұл бағыттағы әрбір бастама біздің бақылауымызда болады, – деді филиал жетекшісі.

Айта кетерлігі, биыл жылдың соңына дейін Шымкент қаласы толық жарықтандырылмақ. Бұл бастама тұрғындардың қауіпсіздігін арттырумен қатар, қала мәдениетінің де айнасына айналмақ.

«Халық үні» жобасы арқылы айтылған әрбір мәселе енді қағазда қалмайды. Себебі халықтың сөзі естіліп, нақты іс жүзінде шешім табуға бет алды.
Шымкенттің жарығы жанса – қауіпсіздігі де күшеймек.

Автор: admin