• 20 февраля, 2025 11:33 дп

ҚАЛА ӘКІМІ АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ МАҢЫЗДЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Автор:admin

Фев 17, 2025

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте еңбек заңнамасының сақталуы, тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелері қаралды.
Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департамент басшысы Ж. Мақұлбаев кәсіпорындардағы жалақы қарызының ағымдағы жағдайы туралы баяндама жасады. Қала әкімі бұл мәселенің алдын алу үшін халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттігін атап өтіп, барлық сала басшыларына мердігер ұйымдардың еңбек заңнамасын қатаң сақтауын бақылауды тапсырды.
Қалалық орта сапа және бақылау басқармасының басшысы М. Керімжанов тұрғын үй қоры мен лифт шаруашылығын күтіп ұстау бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Мемлекет тарапынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформалау жалғасуда, соның аясында көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың жаңа жүйесіне көшу көзделген. Қазіргі уақытта қала аумағында 2570 көпқабатты тұрғын үй тіркелсе, оның 155-і мүлік иелері бірлестігіне тіркелген. Қала әкімі Ғ. Сыздықбеков аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жаңа басқару нысандарын қалыптастыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Т. Мекамбаев азық-түлік бағаларын тұрақтандыру шаралары туралы баяндады. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорының «Айналым механизміне» тиісті қаражат бөлініп, оның негізгі бөлігі ұн, нан, жұмыртқа, күнбағыс майы, көкөніс және ет өнімдерін өндірушілерді қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, ірі сауда желілері мен дистрибьюторлармен келісім-шарттар жасалып, қаладағы 87 сауда орнында әлеуметтік маңызы бар тауарлар белгіленген бағамен сатылуда. Қала әкімі аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына бағаны тұрақтандыру шараларын күшейту және әлеуметтік сауда нүктелерінің санын арттыру бойынша тапсырмалар берді.

Автор: admin