• 25 ноября, 2024 12:29 дп

ҚАЛА ӘКІМІ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Автор:admin

Сен 16, 2023

 

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Қоғам қайраткерлерінен құралған 20 шақты зиялы қауым өкілі қатысқан жиында мегаполистің дамуына, рухани, мәдени өміріне қатысты ұсыныстар талқыланды.

Қалада бүгінде 87 мыңнан астам қария тұрады. Олардың 3 соғыс, 2 мыңнан астамы – тыл ардагері. Бүгінде мегаполистің егде тұрғындарына мемлекет тарапынан барлық қолдаулар көрсетілуде. Бір жылда 50 мыңнан астам қария 10 күндік санаторлық – курортты емдеу шараларымен қамтылады. Сондай-ақ ардагерлер “Дәнекер” жобасы аясында қоғамды ізгілендіруге де үлес қосуда.

Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен қариялар еліміздің көрікті орындарына саяхаттайды. Екі жарым мыңнан астам ардагерге мерзімді басылымдар тегін жеткізілуде.

«Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі өнегесіздер. Осыған дейін де қаланы дамытуда белсенді жұмыс істеп келдіңіздер. Бұл бағытта мен сіздерді қашан да қолдауға дайынмын. Кез-келген маңызды мәселеде өздеріңізбен ақылдасып, кеңесіп отырамыз. Алда жоспарлар көп. Ол үшін қаланың тыныс-тіршілігімен, даму бағытымен етене танысып алу қажет.
Ең алдымен жұмысқа кіріспес бұрын өздеріңіздің баталарыңызды алып, кеңесіп алу ниетім болды. Қаланы дамытуда өздеріңізбен бірлесіп, адал, таза жұмыс істеуге дайынбыз», — деді қала әкімі.

Кездесу соңында қала басшысы зиялы қауым өкілдеріне алғысын білдіріп, алдағы уақытта өзекті мәселелерді қарастыруда, қаланың дамытуда ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, мол тәжірибелерімен бөлісуде белсенділік танытуға шақырды.

 

Автор: admin