Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.
Мұнда тарихи Отанына оралған қандастарымыз 6 ай мерзімінде тегін тұрып, ақысыз қызмет түрлерін пайдалана алады. Орталықта бүгінде 8 отбасы 27 қандас бейімделуде. Оның 15-сі — балалар, 12-ы — ересектер. Қызмет алушылар үшін- асхана, демалатын бөлме және арнайы оқу бөлмесі қарастырылған.
Қандастарға 6 түрлі кіші кәсіптік мамандық (аспазшы, кондитер, есеп және аудит, электрик, тігінші, газэлектродәнекерлеуші) және қазақ тілі, орыс тілі, ҚР Заңнамасы, ҚР тарихы, этно-педагогика (әдет-ғұрып), халық педагогикасындағы отбасылық тәрбие сынды 6 пәндік дәрістер қалаулары бойынша оқытылады.
Сондай-ақ, жеке меншік оқу орталықтарымен жасалған әріптестік байланыс аясында, 5-17 жас аралығындағы балалар, «Шешендік өнер», «Зергерлік өнер», «Шахмат», «Домбыра»,»Биссермен өру», үйірмелеріне тегін қатысуға мүмкіндік алған.
Ал, ұжым қызметкерлерінің атсалысумен орталыққа «Отбасы банк» кеңесшілері келіп, тұрғын үй жайлы ақпараттар ұсынып, нәтижесінде 5 қандас өз депозиттерін ашқан.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес, тұрақты түрде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, атажұртына оралған қандастарымыз мәдениет ошақтарына және тарихы қасиетті орындарға жиі барып, ұлттық салт-дәстүрімізбен етене танысуда.
Айта кетейік, орталыққа 2008 жылдан қазіргі таңға дейін 789 отбасы, 2216 қандас келіп бейімдеу қызметтерін пайдаланып, 1060 қандас кіші кәсіптік мамандық алып шыққан.