• 21 сентября, 2024 3:27 дп

Қаржылай сауаттылық дегеніміз не? Оның қандай критерийлері бар?

Автор:admin

Апр 20, 2024

«Қаржылық сауаттылық» – «финансовая грамотность» деген сөздер қазіргі уақытта трендке айналған. Оны әркім әрқалай түсінеді. Қаржылық сауаттылық ұғымының кеңінен қолданыла бастауы оның маңызы мен мәнінің артуына тікелей байланысты. Шын мәнінде қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақшаның еркін айналымын қамтамасыз ете алу, оны жұмсай білу қабілеті. Яғни қаржылық, экономикалық үрдістерді түсініп, талдап және ол машықтарды күнделікті өмірде қолдана алу – қаржылық сауаттылықтың негізі. Былайша айтқанда, қарапайым логика, білім мен дағдылардың жиынтығы. Мәселен, табысы жақсы азаматтар бар, жоғары жалақы алады. Бірақ айдың аяғында қалтасында ештеңе қалмай, қайда кеткенін білмей отырады. Табысы тәуір болса да не жинағы, не активі жоқ. Бұл қаржылық сауаттылықтың болмауынан. Сондықтан табыс табуды, оны арттыруды ғана емес, дұрыс жұмсап, үнемдеп, басқаруды да үйрену маңызды. Ол үшін кіріс шығыстан көп болуын қамтамасыз ету қажет. Яғни адам өзі жарататын ақшадан көбірек табыс тапса, қаржылық мәселелер оңтайлы шешілетін болады. Қатқан қағида ғой, сенде ақша бар немесе жоқ. Ақша жоқ болса оны жарата да, қолдана да алмайсың. Ал бар болса, орнымен жұмсап, артылғанын жинайсың. Негізгі базалық түсініктерді білу, сәттілікті немесе бір ғажайыпты күтпей, қолда бар қаржыны тиімді басқара алу қабілеті әрбір адамға керек. Ал ол үшін ең алдымен қаржылық дисциплина мен жүйелілік қажет. Мысалы, апталық, айлық немесе жылдық есеп жүргізіп, кіріс пен шығысты тіркеп, есептеп жазу жүйелі реттеудің алғышарты. Сол кезде адам белгілі бір уақыт шеңберінде қанша жинай алатынын, қанша үнемдеп, қанша жаратуға болатынын біледі. Әсіресе шынайы қажеттіліктерге кеткен қаржы мен импульсивті сатып алуларға жұмсалған ақшаны сараптап, реттеу жақсы нәтиже береді.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin