• 25 ноября, 2024 3:37 пп

Қаржылық сауаттылық: түрлі қаржылық пирамидаларға, желідегі алаяқтарға алданбау үшін қандай сақтық шараларын ескеру керек?

Автор:admin

Апр 11, 2024

Иә, жарнамаларға, достарына, туыстарына сеніп батпан құйрыққа аладанатындар, өкінішке орай, көп. Елімізде соңғы жылдары 30 мыңнан астам адам 54 миллиард теңге көлемінде қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Әрине, бұл қоғамдағы қаржылық сауаттылық деңгейінің төмен екенін дәлелдей түседі. Ал қаржылық пирамидалар мен желілік маркетингке алданбау үшін олардың белгілерін жаттап, жоламау керек. Ең біріншіден, қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі жасаған қаржылық пирамидалардың ресми тізімі бар. Бұл тізімге 252 компания кіреді. Осы тізімді қарап, тексеру қажет. Екіншіден, инвестициялық компания ретінде ұлттық банкте лицензиясы бар ма, жоқ па тексеріңіз. Оған қоса, ЖСН, БСН нөмірлері арқылы қарауға да болады. Үшіншіден, тым жоғары пайыз бен кіріс уәде етсе, қашыңыз. Өйткені, кіріс пен тәуекел әрдайым тура пропорционалды. Яғни, көбірек пайыз береміз десе, тәуекел де көбірек. Өзіңіз ойланып қараңызшы, ең тиімді инвестициялық келісімдердің өзінде 50 пайыздық, 80 пайыздық табыстылық деген болмайды. Мұндай оңай табысқа сену – ақымақтық. Төртіншіден, артыңыздан адам тартуды сұраса, «артыңнан екі-үш адам кіргізсең табысыңды көбейтемін» десе, күмәнді келісім болатынына ықтималдылық жоғары. Бұл сақтану жолдары. Одан бөлек пирамидалар мен желілік маркетингтің түр-түрін ажыратып білген дұрыс. Мәселен, көп деңгейлі пирамида дегеніміз өзіңнен кейін адам тарту арқылы сол келуішінің салымын өзіңе алу. Яғни, әр келуші өзінен кейін бірнеше салымшы шақыруға міндеттеледі. Бұл схема ұйымдастырушылар мен бастапқы салымшыларға ғана кіріс әкелуі мүмкін. Ал соңындағы адамдар үшін келешегі жоқ келісім ғана. Тиімді болмақ түгілі, салған бастапқы сомаңыздан да айрылып қалу қаупі өте жоғары. Ал егер өзіңнен соң екі, үш деңгейде адам тарту талап етілсе, ол – матрицалық пирамида. Және Понци схемасы деген бар. Бұл нұсқаның ерекшелігі артыңнан адам тартуды міндеттемейді. Пирамидаға қосылғандар кірісті осы схеманы ұйымдастырушының өз қаражаты есебінен алады да, шынайы табыс екеніне сене бастайды. Осылайша, оңай байығандарды көріп басқа адамдар өзінен-өзі тартылады. Тағы бүркемеленген пирамида деген де бар. Мұндай пирамидалар көп деңгейлі маркетинг есебінен өздерін жасырып жұмыс істейді. Яғни, бір өнімді немесе қызметті сату арқылы күдікті азайтуға тырысады. Пайыздық есепте табыс алатын олардың да жұмысы түптеп келгенде – қаржылық пирамида. Соңғысы криптовалюталық схемалар бойынша жүретін пирамидалар. Бұл жүйе бойынша инвестициядан жоғары кіріс табуға уәде беріп, криптовалюталарға ақша салуды сұрайды. Алайда, толық білмей жатып белгісіз криптовалютаға сене беруге болмайды.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin