• 25 ноября, 2024 11:38 дп

Қаржылық сауаттылық қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік беретін білім.

Автор:admin

Апр 12, 2024

Оның мақсаты жалпы қаржы саласына деген дүниетанымды кеңейту. Сол арқылы жаңа мүмкіндіктерді ашу және қаржылай зиян әрі шығын келтіретін жайттардан сақтандыру. Біздің қазақ қоғамында бұл салаға онша маңыз беріп, көңіл бөле бермейді. Қаржылық сауаттылықты қалай арттыруға болады? Азаматтар қаржы пирамидасы екенін қалай анықтай алады? Бұл жайында экономист Мықтыбаев Дәулет Төлеутайұлымен сұқбаттасқан едік. Нарықтық экономикаға бағытталған ел болғандықтан, қаржылық сауаттылықты меңгеру қажеттілік болып табылады. Қаржылық сауаттылық дегеніміз не? Қаржылық сауаттылықты арттыру стратегиялары қандай? Осы сұрақтар бойынша экономист Дәулет Төлеутайұлы былай деп жауап берді.

– Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда қаржылық тәртіп, яғни өз бюджетіңді басқара білу дегенді білдіреді. Қаржылық сауаттылықтың бастауы өз-өзіне есеп беруден басталады. Адам қарызға батпас үшін, барынша үнемдеп, қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Бұл екеуі де заман талабы. Ал, біз көп жағдайда басқа адамның ақшасын санап кетіп жатамыз. Ал, қаржылық сауаттылықты арттыру стратегияларына келетін болсақ, Абай атамыздың мынадай тамаша сөзі бар: « Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген екен он бесінші қара сөзінде. Яғни, адам кірісі мен шығысын санап, өзіне есеп беру керек. Екінші стратегиясы бір дүкендегі бағаны, басқа дүкенмен салыстырып қарау қажет. Қай жерде арзан, қай жерде қымбат деген секілді, адам қанша жерден бай болса да, бағаны бағамдап есептеген дұрыс. Бірден бір жерден, бір затты ала салмаған жөн. Үшінші кезекте қаржылық қор – адам тапқан табысының жоқ дегенде 10% жинап отыру керек. Жиі еститінім, ақшаның қайда кетіп қалғанын білмеймін деп жатады, оның барлығы осы қаржылық сауаттылыққа келіп тіреледі. Тағы бір айта кетерлік жайт, адам жиі садақа беретін болса, сол тапқан табысы берекелі болады. Адам өзінің тапқан ақшасының несібесін көреді. Себебі кейбір азаматтар бар, 1 миллион, немесе 500 мың табыс тауып отырса да ұқсата алмайды. Ал, кейбір адамдар бар 100 мың тапса да берекетін көріп, отбасын асырап, тіпті үйін де алып жатқан азаматтарды кездестіргенмін.

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin