• 25 ноября, 2024 6:44 дп

Қаржылық сауатты арттыру мектептен басталуы тиіс

Автор:admin

Апр 14, 2024

Экономист халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды ерте жастан бастау керек деп есептейді. Себебі сауатты болу – жас талғамайтын, кезек күттірмейтін маңызды шаруа. Бұл – ұзақ мерзімді әрі тиімді тәсілдердің бірі. Осыған байланысты сарапшымыз қаражатты жұмсай білу, түбіртек талап ету секілді дүниелер бала кезден қалыптасу керегін де тілге тиек етіп өтті. «Жалпы мектептен бастап қаржылық курстары өтуі қажет. Мәселен, бастауыш сыныптарда «Қаржылық әліппе», «Қаржылық сауаттылық», «Экономикаға кіріспе» деген секілді пәндерді қоюға болады. Ал жоғары сыныптарда, яғни 7-8 сыныптан бастап «Кәсіпкерлік негіздері», «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәндері тереңдетіліп оқытылуға тиіс. Бұрын «Әмиян» деген бағдарлама жасадық. Түсірілім кезінде 9 жастағы балаларды байқап қалдым да, «қиналып қалады-ау, игере алар ма екен» деп уайымдадым. Бірақ соңында сол балалар өте білімді, басқаларымен салыстырғанда өте пысық болып шықты. Дүкенде сауда жасағанда «маған түбіртекті беріңіз, ол – менің тұтынушылық құқығым» деп айта алатындай дәрежеге жетті. Сондықтан балаларға ерте жастан, бастауыш сыныптан бастап қаржылық сауаттылығын ашатын курстар берілуі керек. Гарвардтың ғалымдары да балаларды 7 жастан бастап қаржылық білімге баулуға болатынын дәлелдеп отыр. Бұдан бөлек университеттерде де жеке пән ретінде оқытылуы керек. Бұл қарапайым қаржыға байланысты түсініктердің қалыптасуына, қаржы алаяқтарынан қорғануға, оларға қарсы иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді, — деп түсіндірді ол. Маманның пікірінше, қазақстандықтардың қаржылық сауат деңгейі бұрынғымен салыстырғанда біраз өскен. Оған пандемия кезіндегі әлеуметтік жағдайдың қиындауы, қымбатшылық салдары секілді мәселелер әсер етіп отырғаны байқалады. Ал елдегі қаржылық сауаттылықтың деңгейіне қатысты сарапшымыз былай дейді: «Қазақстандағы қаржылық сауаттылық деңгейін орташа деп бағалар едім. Пандемия кезінде азаматтарымыздың қаржылық сауаттылығы едәуір артты. Өйткені сол тұста олардың әлеуметтік жағдайы қиындады, төлем қабілеттері төмендеді, инфляция өте жоғары болды, сонымен қоса жан-жақтан қысып жатқан қымбатшылық секілді дүниелер қаржылық жағынан сауатты болуға әкелді. Қаңтар оқиғасынан кейін ел үкіметі жаңа экономикалық саясаттың жоспарын бекітіп жатыр. Осы кезде халықтың тарапынан тиімді ұсыныстар да түсіп отыр. Мәселен, қазіргі кезде банкроттыққа қатысты заң аясында өз пікірлерін білдіруі де — соның дәлелі. Осындай азматтық белсінділіктен-ақ қаржылық сауаттылықтың артып келе жатқанын байқауға болады. Дегенмен еліміздің кей аймақтарында, өңірлерде қаржылық сауаттылық өз деңгейінде емес екенін айта кету керек».

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin