• 25 ноября, 2024 6:21 дп

Қаржылық тұрғыдан сауатты болу үшін халық нені білуі керек?

Автор:admin

Апр 14, 2024

Сарапшы Мақсат Халықтың сөзінше, қаражатты саналы түрде жұмсай білу үшін ақшаға деген қарым-қатынасты дұрыстау керек. Өйткені бала кезден бойға сіңіп қалған қасаң көзқарасты өзгертпейінше, ақшаға «қолдың кірі» ретінде қарау адамның қаржылық жағынан тәуелсіз болуына кері әсер етеді. «Ақша – жалпыға бірдей құн рөлін атқаратын ерекше тауар. Оның ерекшелігі кез келген тауар құндылығын бойына сыйдыра алады. Ең алдымен, ақшаға деген дұрыс қарым-қатынасты түзуіміз қажет. Бізде ақшаға көзқарас дұрыс емес. Балаға тәрбие беру кезінде «ақша — қолдың кірі», «дүниеқоңыз болып кетіпті» дегендей сөздер көп айтылады. Осы тұста ақшамен қарым-қатынас құру кезінде балаларды алшақтатып алатын секілдіміз. Сондықтан бұл процес саналы түрде сапалы жүргізілуі керек. Адам өзінің пұлын орнымен, ақыл-парасатымен жұмсай алса, оның несі жаман?! Бауырларыңызға, достарыңызға көмектесе алсаңыз, бұл жақсы емес пе?! Сондықтан біздің азаматтарымыз бай, дәулетті болуға ұмтылуы керек», — деп атап өтті экономист. Сонымен қоса оның айтуынша, әр азамат «депозиттің қандай түрлері бар, қай банктен депозит ашқан дұрыс, ондағы кепілдендіру қоры деген не, қанша миллион теңгеге дейін кепілдік береді, қай банк сенімді?» деген сұрақтарға жауап бере алғаны дұрыс. «Біз несиелік инструментті қолданамыз. Бүгінде несиесі жоқ адам қалмаған да шығар. Несиені де тиімді алу жолдары бар. Банк берді екен деп, әр парағына ойланбастан қол қоя бергеннен не ұтасыз? Сондықтан депозит таңдай білу, қарапайым несиені рәсімдей білу де – қаржылық сауаттылықтың белгісі»,-дейді ол. Бұдан бөлек кәсіби маман заманның өзгеруіне қарай алаяқтар да түрленіп жатқанын еске салып өтті. «Оларға төтеп беру үшін де сұрақты сапалы қоя білу керек. Қазір қаржылық пирамидаға негізделген ұйымдар пайда болып жатыр. Олар қоңырау соғып, азаматтарды «банктен хабарласып тұрмыз» деп алдайды. «Бізге ақша салсаңыз, бір-екі айдың ішінде байып кетесіз» деп ұрандататындары көп. Оларға төтеп беру үшін сұрақ қоя білу керек. Мәселен, қарапайым ғана Ұлттық банктен лицензиясы бар-жоғын тексеру керегін де азаматтарымыз білмей жатады. «Ол қазақстандық компания ма, әлде шетелдік пе, қожайыны кім, арнайы Қаржылық қадағалау агенттігінен лицензиясы бар ма?» деген сауалдарды көбінесе халқымыз қоя бермейді. Жалпы осындай сауалдар қаржылық алаяқтарды біраз састырады. Сондықтан осындай дүниелерді ескеру қажет», — деп кеңес берді сарапшы.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin