• 24 ноября, 2024 3:35 пп

Қаржының басқа экономикалық категориялармен өзара байланысы

Автор:admin

Июл 10, 2024

Қоғамдық өнімді бөлу процесі өте күрделі, мұның барысында өндірісте жасалған құн шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында, ал олардың әрқайсысында мақсатты арналым бойынша бөлінеді. Осыған байланысты ол түрлі экономикалық категориялардың көмегімен жүзеге асады, бұлардың әрқайсысы ерекше, тек өзіне тән рөлдері орындайды. Қаржы құндылық бөлу процесіне қатыса отырып, баға, жалақы, кредитсияқты категориялармен өзара тығыз байланыста болады және өзара іс-қимыл жасайды. Бұл ақша категориялары ұдайы өндіріс циклінің басқа стадияларындағыдай сонымен бірге бөлгіштік процеске де қатысады. Алайда олардың қатысу өлшемі мен нысандары бірдей емес. Жеке экономикалық категориялардың ұдайы өндіріс процесінің түрлі стадияларында қатысу дәрежесі әр түрлі. Аталған категориялардың әрқайсысы тек оған тән әдістермен қоғамдық өнім мен ұлттық табысты бөлудің біркелкі процесіне қатыса отырып, бөлгіштік және басқа ұдайы өндірістік қатынастардың жүйесінде өзінің ерекше орнын алады. Баға – жұртқа мәлім, тауар құнының ақшалай тұлғалануы. Ол еңбек өнімінің натуралдық-заттай нысанынан ақша нысанына көшуін және сатып алу-сату актілерінің негізінде оның бір иеден басқасына қозғалысын ортақтастыра отырып құндық бөліністің бастапқы категориясы ретінде көрінеді. Ұлттық байлық бөлінгенге дейін және қайта бөлінегенге дейін тауар сатылуы тиіс. Баға өнім иесіне оны өткізуден түсетін ақшаның мөлшерін алдын ала анықтайды және одан әрі бөлінетін процестің алғашқы негізі болып саналады. Бөлініс процесінде еңбектің қоғамдық қажетті шығындарымен анықталатын құннан бағаның ауытқуы пайда болуы мүмкін, мұның нәтижесінде бірқатар өндірушілерде көп құн, басқаларында аз құн өткізіледі. Мұндай жағдайда қайта бөлгіштік процеске өзінің әдістерімен қаржы араласады: ол құнның бір бөлігін (мысалы, акциздердің, экспортқа немесе импортқа салынатын салықтардың, кеден баждарының көмегімен) алады немесе құнның кем алынған бөлігін субвенциялар, бюджеттік немесе салалық қаржыландыру жолымен алып береді. Бағаның құннан ауытқуын мемлекет бағалардың саясатын жүргізгенде реттелетін бағалар, әлеуметтік тұрғыдағы төмен бағалар, жоғарысұраныммен анықталатын баға – монополиялық бағаларды әдейі белгілей алатынын есте ұстаған жөн. Нарық жағдайында тауарлардың, қызмет көрсетудің сұранымы мен ұсынымы қалыптастыратын еркін бағалар басым болады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin