• 16 сентября, 2024 7:14 пп

Қаржы секторы: экстраваганттық ақша саясаты

Автор:admin

Авг 26, 2024

Экстраваганттық ақша саясатының экономикалық мақсаттылығы жөніндегі мәселе басқа әңгіме. Мысалы, Үкімет пен Ұлттық банк жыл сайын инфляция себептерін қарастырған кезде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасының өскеніне сілтеме жасайды. Әсіресе, биылғы жылы олардың түсініктемесі бойынша Ресейдегі қант бағасының өсуіне байланысты (импорт инфляциясы) біздегі өнімнің осы түріне баға күрт көтерілді. Көкөніске байланысты да осындай жағдай – ол Өзбекстаннан тасылатын болғандықтан, тәуелдіміз. Біздің пікірімізше, Қазақстан Республикасы тәуелсіз, қуатты мемлекет болып табылатындықтан, қоғамның тұрақтылығы мен игілікті болуы көрші мемлекеттерден қант немесе көкөніс жеткізілетіндігіне байланысты болмауы тиіс. Ол үшін Үкімет пен Ұлттық банк ақша-несие, фискалды саясат құралдарын білікті пайдалана отырып, елдегі қант қызылшасы мен көкөніс өндірісін ынталандыруы керек. Валюталық саясатты жүргізу тактикасы бойынша дамыған нарықтық экономикасы бар елдер мен Қазақстан Республикасының тәжірибесін салыстыру алдыңғы кезекте долларландыру деп аталатын проблемадағы бірқатар айтарлықтай айырмашылықты көзге шұқып тұрып көрсетерліктей мүмкіндік береді. Ұлттық валютаның өтімділігіне өту басқа елдерде резиденттік емес заңдық және жеке тұлғалардан басталды, яғни сыртқы өтімділіктен. Қазақстан Республикасы бастапқыда ішкі өтімділік жолымен жүрді, әрбір азамат және кез келген заңдық тұлға доллар және басқа да өтімді валютаны ешбір проблемасыз ала алды. Соның нәтижесінде, жеке тұлғалардың долларлық жинағы 2006 жылдың 1 сәуірінде Қазақстанда шамамен жалпы көлемнің 38,9 пайызын құрады. Республикамызда о баста-ақ күшті шетелдік валюта – АҚШ долларының жүру реформасы жіберіліп алынды. Басқа елдерде сонымен бірге ұлттық рынокқа шетелдік валютаның түсуін барынша шектеу қоюға және өз валюталарының дәрежесін көтеруге бағытталған әрекеттер мен батыл шешімдер жасалды. Қазақстан болса, ішкі өтімділік жолына түсіп, айырбас пунктері арқылы бүкіл аймақта долларлық жинаққа барлық жағынан жол ашты. Мұндай жағдай бүкіл елді долларландыруға алып барды. Ел ішіндегі шет ел валютасының айналымы экономикалық тәуелсіз мемлекеттің ұлттық валютасы ретінде теңгенің күшін жоюда. Соның нәтижесінде, экономикасының кейбір салалары әлі де шетелдік инвестицияға зәру Қазақстан әлемнің дамыған елдеріне инвестор болу рөлін атқаруда. Бұл дегеніңіз, доллар бөтен шетелдік валюта ретінде, республикамызда ақшаның барлық функциясын атқарып отыр деген сөз.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin