Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтай барысында ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар бастамаларды көтеріп, ұлт келешегі үшін маңызды қадамдардың жасалар кез келгенін тілге тиек етті. Мемлекет басшысы елдегі ауылшаруашылық саласын дамытудың маңыздылығына да тоқталып, Қазақстанның аталған салада үздіктер қатарында болуға үлкен мүмкіндігі барын жекізді.
«Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор екені белгілі. Енді соны тиімді пайдаланатын кез келді.
Еліміздің әуелгі мүмкіндіктеріне қарасақ, біз әлдеқашан әлемдегі алпауыт аграрлық мемлекеттің бірі болуға тиіс едік. Бірақ ауыл шаруашылығына жеткілікті қаржы салынған жоқ. Бұл саланы жемқорлар мен алаяқтар иемденіп келді. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер де болды. Жалған мәліметтердің кесірінен мемлекет қағаз жүзіндегі мал санына жылдар бойы субсидия төледі. Қазір қордаланған мәселенің бәрін шешіп, агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру үшін көп жұмыс жасалып жатыр.
Біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет.
Қазақстан 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс»- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.