• 21 ноября, 2024 9:07 дп

Қоғамда бала тәрбиесіне деген көзқарас өзгеріп, санада бетбұрыс басталды…

Автор:admin

Авг 15, 2024

«Оқымайтын бала жоқ, оқыта алмайтын үлкендер бар»

Медетбекова Меруерт Асқарбекқызы,

ҚР Оқу және Ағарту министрлігі «Тәрбие және қосымша білім» департаментінің директоры, ф.ғ.к.

    Меруерт Асқарбекқызы, енді санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды қорытындылап, өткен жылға есеп беріп, жаңа оқу жылына тың жоспарлар жасайды. Бізді тәрбие саласындағы жаңалықтар көбірек қызықтырады. Заман өзгеріп жатыр, тәрбиені күшейтуәдістері де соған ілесу керек екенін көріп отырмыз. Жалпы өткен оқу жылы қандай жаңалықтарымен ерекшеленді, қандай жобалар ерекше маңызды көрінді? Қазір қолыңызда республика мектептерінде тәрбие бағытында жүргізілген жұмыстардың жобасы-нобайы бар. Қай аймақтағы мектептердің тәрбие саласындағы жұмысын насихаттау, жетілдіру керек деп отырсыз? Бір тұтас тәрбие бағдарламасы қандай қажеттіліктен туып отыр?

 Рақмет, сұрақ өте өзекті. Жалпы тәрбие бағытында жаңа серпін пайда болды. Негіздемесі — Мемлекет басшысының Құрылтай отырыстарында берген тапсырмалары. Өскелең ұрпақтың тәрбиесін күшейтуді қоғам  болып атсалысуға бетбұрыс жасалынды. Мемлекет мүддесі мен қоғам мүддесі астасып, оңтайлы өзгерістер енгізілуде. Ең алдымен, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аталған тапсырмалардың өз деңгейінде орындалып, нәтижеге бағытталуында кілттік тәсіл деп айтсақ, артық емес.

        Жалпы «Біртұтас тәрбие» ұғымы қайдан шықты деген сұраққа жауап берсем, өзіңізге белгілі  екінші Құрылтай Түркістан қаласында өтті. Осы Құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы           Қ. Тоқаев өз сөзінде ұрпақ тәрбиесінде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негіздей отырып,Абайдың «Толық адам» ілімін басшылыққа алуға бағыт-бағдар ретінде ұсынды. Яғни ұлыақын айтқандай,  егер адамзат баласында нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрекболса, адалдық, әділдік болатынын айтып, осы бағытта өскелең ұрпақтың тәрбиесімен жұмыс істеуді бірнеше министрліктерге тапсырды, оның ішінде Оқу-ағарту министрлігі де бар.Осы тапсырманы орындау мақсатында біздің министрлік «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын әзірлеп, 2023-2024 жылдың оқу жылында аталған бағдарлама министрдің бұйрығымен бекітіліп, барлық білім беру мекемелеріне жолданды. Мектеп қана емес, қоғам жақсы қабылдады. Бір ғана оқу жылында жүргізілген жұмыстың нәтижесі айтарлықтай қоғам назарын өзіне аударды. Мысалы, бағдарлама аясында  7000-нан астам мектепте «Ата-аналарды педагогикалық-психологиялық қолдау орталықтары» ашылды. Осыдан кейінмектепке бұрын шақырып келтіре алмайтыната-аналардың келуі жиілеп, әкелердің белсенділігі байқалды. Қоғамда бала тәрбиесіне деген көзқарас  өзгеріп, санада бетбұрыс басталды. Осы орайда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттық код арқылы тәрбиеге тамызық болар ұсыныстар жоғарыдан емес, қоғамның ішінен, ата-аналардың өз бастамасымен шыға бастады. Оған мысал ретінде мектепте әр жұма күнін «Ұлттық киім күні» деп атауын айтуға болады. Ата-ана, педогог, оқушыларға құлшыныс, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған осы жоба жалпы халыққа ой салды. Ұлттық киім туралы ақпараттар баланың да, ата-ананың да дүниетанымын кеңейте түсті. Бұл бастамаға әсіресе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары ерекше ықыласпен, жауапкершілікпен, ұйымшылдықпен үлес қосты. Түркістан облысының мектептері ішінара жақсы бір жобалар ұсынып жатты. Мысалы Ордабасы ауданында кітап оқуды насихаттау бағытында, Қазығұрт ауданында «Даналық мектебі», «Аталар мектебі» жоғары деңгейде жұмыс істеді. Ал, Шымкент қаласындағы №52 мектептің, мектеп директоры Айнұр Бимұрзаева «Бұрымды қыз» челленджін бүкіл республиканың мектептері іліп алып, оқушылар арасында бір серпіліс туғызды.Ақмола облысының Қосшы қаласындағы білім беру мекемелері өте белсенді тәрбие тарландары болды десем, артық айтқандық болмас.

Алғыс айту адамдықтың белгісі

-«Бұрымды қызға» бұрылғандардың көп болғанын әлеуметтік желіден біз де байқадық. Бір мектеп, бірі сыныптың қыздарынан шыққан бастаманыңреспублика оқушыларынан бірден қолдау табуының сыры неде деп ойлайсыз? Әдетте жасөспірім қыздар шаш жайғанды дұрыс көріп тұрады емес пе?

Қанша сәнге ергенімізбен жинақылық, ұқыптылықты жанымыз қалайтын болып тұр ғой. Челленджбен қоса шаш туралы ақпарат берілді. Қазақ ұғымында шаш жаю жақсы ырым емес қой. Сыры осында болу керек. Оның үстіне шаштарын өрген қыздар өздерінің жүзін басқа қырынан көрді. Шашын өріп жүрген оларға айналасы да басқа көзқараспен қарады, жақсы сөздер айтты. Қарап отырсаңыз, мұның бәрі тәрбие.

Бір мезетте елдегі барлық мектеп оқушыларының күй тартуы жақсы әсер қалдырды емес пе?!

-Солай болды. Күй тартуды министр Ғани Бейсембаев мырзаның өзі бастап берді. Жалпы  министр бала бойына ұлттық қасиеттерді сіңіру мәселесіне үлкен дайындықпен келді деп айтуымызға болады. Вице министр кезінде «Төрт тоқсанға төрт өнер», «Тоғыз айға тоғыз іс-шара» жобасын қолға алған болатын. Бұл бастама да өте үлкен қолдауға ие болды. Былтыр «Біртұтас тәрбиемен» ұштасып «Асық ату», «Күй күмбірі» дегендей ауқымды іс-шараларға ұласып, мектептердегі ұлттық нақышты қоюландыра түсті. Бір мезгілде барлық мектеп оқушысы бірігіп Әнұран айттық, бір мезгілде тақырыптық диктант жаздық, бір мезгілде күй орындадық, бір мезгілде көшет отырғыздық, «Таза Қазақстан», «Түлектер аллеясы», «Мектебім, саған мың алғыс!», «Бірге кітап оқиық!» т.б. оқушылар тарапынан аса қызығушылық танытқан игі істер болды. Бір мезгілде мектеп бітіруші оқушылардың аллеясын жасадық. Мұның бәрі сананы өзгертуге жасалған игілікті қадамдар.

Мектеп бітіру кешінде де өзгерістер болды ғой деймін. Қазақстан соңғы қоңыраумен қоштасып жатыр дегендей ақпараттар да бой көрсетіп қалды, оқу жылының соңында.

Бұл өзі екіұшты пікір тудыратын сөздер ғой. Оқу жылын «Мың алғыс, саған, мектебім!» тақырыбындағы кешпен қорытындыладық.Оқушыларға, мектеп бітіруші түлектерге он бір жылын өткізген мектебіне, білім мен тәрбие берген ұстаздарына, достарына, ата-анасына рақмет айту мүмкіндігін ұсындық. Олар «Мен. Ұстаз. Мектеп» деген эссе жазды. Ойларын қағазға түсірді, ойланды. Жалпы алғыс айту жақсы дәстүр ғой. Алғыс алғанда тебіренбейтін жүрек жоқ шығар. Ал, алғыс айту адамдықтың белгісі. Еліміздің болашағы- жастарымыздың үлкен өмірдің есігін адамшылықпен ашқанын қаладық. Бейбіт өмірде білім алу үшін бар жағдай жасап отырған, мүмкіндік тудырған мемлекетімізге неге алғыс айтпасқа? Әр бала өзіне сыни тұрғыдан баға бере алатындай бір ғана өз-өзіне берген есебі іспеттес болғанына баса назар аударған жөн.

БАЛАҒА КІТАППЕН БІРГЕ БАЛАЛАР БАСЫЛЫМЫН ҰСЫНҒАНЫМЫЗ ЖӨН

Өзіміз оқушының өз ойын жазып қалдыруға жасаған қадамын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының ұмытылыпбара жатқан жазылым дағдысын қалыптастыру дәстүрін жаңғырту үшін жасаған бастамасы деп қабылдадық. Қазіргі кезде жасыратыны жоқ, мектеп оқушылары шешен, жақсы сенімді сөйлейді, бірақ жазуға шорқақ. Оның белгілі бір себептері де бар. Ол туралы айтсақ, әңгіме ұзап кетеді. «Балалар кітапханасы» бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бала жазсын десек, алдымен оған әдеби кітаптар ұсынуымыз керек.

Мемлекет басшысы «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыруды тапсырды. Міне, осы жоба оқитын ұлт қалыптастыруды көздеді. Оқу-ағарту Министрлігі көркем әдебиеттер тізімін  жасап, білім ошақтарындағы кітапханаларға ұсынды.

       Сонымен қатар, бала кітап оқу үшін алдымен  оның қолына мерзімді басылымдар ұсынуымыз керек. Бұл өзін дәлелдеген әдіс. Қазіргі кітаптан қол үзбеген буынның барлығы дерлік балалар басылымын оқып өскендер десем жаңылыспайтын шығармын. Осы орайда  Оқу-ағарту Министрлігі мен Мәдениет және ақпарат Министрлігі бірлесе отырып, жыл басында Алматы қаласында үлкен жиын өткізді. Екі министр, балалар әдебиетінің өкілдері, балалар басылымдарының басшылары қатысқан дөңгелек үстөл басында өзекті мәселенің бәрі ортаға салынды.Айтылған ұсыныстар бойынша «Шығармашыл интеллигенция- Қазақстан балаларына» атты экспедиция жасақталып, шығармашыл тұлғалар еліміздің мегаполистерімен қатар бірнеше облысты аралап педогог қауыммен кездесулер өткізді. Осы балалар басылымының педагог, ата-ана, оқушығақолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде бар балалар басылымдарының каталогы жасалып барлық мектептердің сайтына жүктелді. Таңдау бар, қалың оқырманның контингенті тұр, енді басылым иелері оқырманмен  белсенді жұмыс істесе, бұл жұмыс та жемісін береді деп ойлаймын.Жалпы осындай жұмыстардың ортасында жүріп түйгенім оқымайтын бала жоқ, оқыта алмайтын үлкендер бар екен. Біз үлкендер ата-ана, педагог, журналистер  баланы оқыта алмаймыз, баланың неге қызығатынына мән бермейміз. Егер бірігіп оқушыдан сауалнама алатын болсақ, көп мәселе шығып, оны шешу жолдарын қарастыруға болады.

«Қауіпсіз сабақ» деген 10 минуттық дәріс енгізіп жатырмыз

«Біртұтас тәрбиеге» осылай баланың қажеттілігін зерттеу арқылы жұмылуымыз керек дейсіз ғой. Бала, ата-ана, мұғалім өзгерсе, тәрбиеленсе, қоғам да өзгереді, құндылықтарымыз да өзгереді. Сондықтан да бұл  бағдарлама мектептің ғана үлесінде қалатын дүние емес деп айта аламыз. Бағдарламаға азаматтық қоғамды тарту механизмдері бар ма?

-Дұрыс айтасыз. Бұл қоғамдық, өте үлкен ауқымды мәселе. Биылғы жылы Атырау қаласында өткен Құрылтайдың үшінші отырысында осы тәрбие бағдарламасын жаңартып, оқу бағдарламаларына енгізу туралы нақты тапсырма келіп түсті. Министрлік тапсырманы бірден қолға алып. Қарқынды түрде жұмысты бастап кетті. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Өркен институты, Білім инновация мектептерінің ғалым, педагог, қызметкерлерімен бірлесіп, үлкен шығармашылық топ жүйелі жұмыстар атқарып. Қазір бағдарлама Министрліктің 194-бұйрығымен қайта бекітілді. Осы орайда каскадтық оқыту әдісімен біз балабақша, мектеп, колледждердің өкілдерін кезең-кезеңмен оқытып жатырмыз. Жалпы 350 мыңдай педагогті оқыту жоспарланған. Биыл бағдарлама өзгерді, толықтырылды. Жалпыхалықтық сипат алды десек те болады. Биыл Атырауда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы айтқан алты құндылықты бағдаршам етіп алдық. Біздің негізгі мақсатымыз Әділетті Қазақстанның ұлттық құндылықтарға қанық адал азаматын тәрбиелеу. Енді өзгерген бұйрыққа сәйкес бұл мақсат пен құндылықтар балабақшадан бастап әр пәннің мазмұнына бір бөлігіне енгізу міндеттеледі. Мектептегі ғылыми-жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық жалпы 18 пән болса, бәрінің  тәрбиелік мақсатына «Біртұтас тәрбиедегі» аталып отырған құндылықтар енгізіледі. Осы бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Білім бөлімдері, мекемелерінің басшылары, тәрбие бойынша жауапты тұлғалар, әдістемелік орталықтардың басшылары, мамандары  оқытылды. Оқыту семинары 4 кезеңнен тұрды. Алгоритімдері жасалды. Енді бұл жұмыс өңірлерде жалғасып жатыр. Егер біздің әріптестеріміз алған білімдерін дұрыс жұмсаса, бағдарламаның аясы кеңейіп, бүкіл қоғамға әсер етуі керек.Серпіліс күтіп отырмыз. Қазір біз мемлекеттік мекемелерде осы бағдарлама аясында «Қауіпсіз сабақ» деген 10 минуттық дәріс енгізіп жатырмыз. Тақырыптары әр түрлі. Бұл сабақ шеңберінде 10 мемлекеттік құзырлы органдардың білім алушыларға жас ерекшеліктерін ескере отырып, әзірленген тақырыптар аясында 1 минуттық бейнероликтер әзірленіп жатыр. Осы тұста да БІРТҰТАС ТӘРБИЕ ӘРЕКЕТІ анық көрініп тұр.

Жалпы бұл бағдарламаға мектептің мұғалімі ғана жауапты болып қалмауы керек, Қазақстанның әр азаматы болашақ, қоғам тәрбиесіне өзінің үлесін қосуды жауапкершілігіне алады деп ойлаймыз, сенеміз, үміттенеміз. Бүгінде еліміздегі тұрғындардың 30 пайызын мектеп оқушылары құрайды екен. Оған ата-ана, педагогтердіқосыңыз. Бұл мектептің қоғамды тәрбиелеудегі үлкен ықпалды күші екенін көрсетеді.

Мұғалімдерге Алтынсариннің ағартушылық  қасиеті жетпей жатыр

-Сөзіңізді жалғайын, сондай бұл бағдарлама мұғалім мәртебесін көтеруге де ықпалды болып тұр ғой. Егер мұғалім біртұтас тәрбие бағдарламасын өз деңгейінде жүргізсе, төрдегі орнын алып, қоғам тәрбиелеген зиялылығын көрсететін дәрежеге жетеді. Жақсы екен. Десе де, бүгінгі мұғалімнің қағазбастылығын айтпасақ та болмайды. Тәрбиеге уақыт бөліп, жұмысы бұрынғыдан да көбейіп кетпес пе екен деген сауал да көлденеңдеп тұр ойымызда. Сіз не дейсіз?

Егер педагог саналы түрде іске кіріссе, бұл бағдарламаны жүрегімен ұғып, қабылдаса, жұмысын көбейтпейді деп ойлаймын. Балаүйде ата-анасының жүріс-тұрысына қараса, мектепте мұғалімге қарайды. Егер мұғалім бәрін саналы, жүрекпен қабылдаса, оқушы да солай қабылдайды. Қазір жұмыстың көбейіп кетуінің бір ұшында осы тәрбие мәселесі де тұр. Тәрбиелі оқушы, ата-ана, сынып, мұғалімнің жұмысын азайтуға әсер етеді. Егер тәрбие мәселесіне бүгін жұмылмасақ, жұмысбастылықтың көкесін ертең көреміз.Мұғалім білім берумен қатар, «тәйт» деп тоқтата алатын тәрбиеші болуы керек. Қазіргі баланың психологиялық денсаулығында ақау баршылық. Оны шешуге үлкендердің көмегі-мейірімі жетпейді. Қазір бізге жетпей тұрғаны осы мейірім. Балаға да, үлкенге де. Мейірім іздеген бала қандай жоқ іздегенін түйсінбей әлеуметтік желінің, ойының жетегінде кетіп жатыр. Сіз оны кімнің жетектеп бара жатқанын білмейсіз, өзі де білмейді.

        Тағы бір биылғы жылдың жаңалығы —барлық өңірлерде «Педогогикалық-психологиялық қызмет көрсету орталықтары» ашылды. Шебер мұғалім өзінің жұмысын азайтқысы келсе осы орталық мамандарының қызметін орнымен пайдалануына болады. Бұрын бала тәрбиесін тек қана сынып жеткшісімен, тәрбие жөніндегі орынбасарға артып қоятын. Қазір олай емес, тәрбиеге барлық мұғалім жауапты. Егер әр мансап иесі өз лауазымы аясында баланы жақсы көріп, жанашырлықпен жұмыс істесе, қиындық жеңіледі. Біздің мұғалімдерге Алтынсариннің ағартушылық қасиеті жетпей жатыр. Егер әр педогог балаға елімнің болашағы деп қарайтын болса, шырағы жағылмаған қазақ баласы қалмайды-ау. Жалпы сынып жетекшінің өз қызметіне  қосымша алатын жалақысын өсіру мәселесі де қаралып жатыр. Педагогтер аттестациясына сынып жетекшілік қызметі үшін 1-5 балл аралығында қосымша бағалау критерийіне қосылды. Дегенмен, педагог мәртебесі материалдық құндылыққа қарамастан, өз кәсіьін сүйетін кәсіби ағартушылық қасиеті жоғары болғанда ғана артатынын әрқайсымыз іштей ұғынатынымыз белгілі. Абырой қасықтап жиналады.

Бір кездері мектеп формасы өзекті мәселе болатын. Әсіресе соңғы жылдары осы проблема өзінен-өзі күн тәртібінен ың-шыңсыз түсіп қалғандай көрінеді. Этностил енді, қарсы пікір болған жоқ. Бізге солай көріне ме, әлде шын мәнісінде солай ма?

-Мектеп формасына келсек, арнайы бұйрық бар, соны ұстанамыз. Тәртіпке бағынамыз. Тәртіп болған жерде білімнің сапасы болады.Мектеп формасын сақтау да тәртіпке жатады.Ал, этностильге келетін болсақ, біз «Біртұтастәрбие» бағдарламасын брендтеп жатырмыз. Сонда бағдарламаның логотипі, таңбасы бар. Оюмен берілген. «Әділетті Қазақстан, Адал азамат, Озық ойлы ұлт» үштағанды ұғымдарын үш ою білдіріп тұр. Осы таңбаны оқушы бұйымдары, көрнекіліктерде пайдалануға болады. Мектеп формасынан басқа киімдерге тыйым салынады. Аптасына бір күн мерекелік киім ұлттық нақышта болу керектігін ата-аналар тарпынан жасалынған ұйғарым. Егер тәрбиеге тамшыдай үлесін қосар болса, қарсылығымыз жоқ. 26 бұйрықта мектеп формасын үш түрге бөлген. Бәріне талап етілген мектеп формасы, яғни күнделікті, мерекелік және спорттық.

Ұлттың сапасын көтеретін мұғалім

-Білім саласы реформадан көз ашпаған сала десек артық айтпаймыз. Орындалмай қалған қанша бағдарлама бар. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасыныңөміршеңдігіне кім немесе не кепіл бола алады?

-Әрине бағдарлама жасау бар да, оны іске асыру бар. «Біртұтас тәрбие»бағдарламасының нәтижесі кемі 3 жылдан кейін көріне бастайды ғой деп ойлаймын.

— Нәтижесі қандай болады деп күтіп отырсыздар?

-Бір ғана сөзбен айтайын, нәтижесінде, адамзат баласы өз-өзіне есеп бере алатындай, саналы азамат қалыптасып шығады. Менің осым дұрыс па, деген сұрақты өзіне қойып, жауап беретіндей. Қоғамдағы әрбір тұлға өзіне сыни тұрғыда баға бере білуі керек. Қазір бізде осы жетіспейді. «Біртұтас тәрбие» баланы ғана тәрбиелеу десек жаңылысамыз. Бұл бағдарламаның мақсаты қоғам болып, бір-бірімізді тәрбиелеу. Бұл үлкен шығармашылық, ғылыми топтың жұмысы.

-Сіз лауазым иесі ғана емес, үлкен әулеттің анасысыз. Мұғалім де болдыңыз. Лауазым деңгейінен болсын, ата –анағаәже ретінде болсын, мұғалімге сырт көзбен қарай аласыз. Қазіргі мұғалімнің қоғамдағы орны, кәсіби келбеті, әлеуетін қалай көресіз, бағалайсыз? Жерортасы жасқа келгенде тұрғылықты жеріңізді, жұмыс орныңызды ауыстырдыңыз. Қуатты қайдан аласыз?

Ойланатын сұрақ қойдыңыз. Мен сол ортадан шыққан адаммын. Мектепте сабақ бердім, жоғары оқу орнында мұғалімдерді дайындадық,  Өрлеуде мұғалімдердің біліктілігін көтердік. Одан кейін мұғалімдерге әдістемелік сүйемелдеу қызметін көрсететін мекемені басқардым.

Мені іштей қайраттандыратын,шабыттандыратын, құлшындыратын бірнәрсе бар. Ол еліміздің болашағы. Көздері жәудірегенқызым, немереме қараймын да осылардың болашағы қалай болар екен деп ойланамын. «Мен не істеуім керек деген сұрақты қоямын өзіме. «Ұрпақ тәрбиелеу керек» деген жауап аламын. Жалпы тәрбие бұл шектеу емес,сананы жетілдіру.

Жерорта жасқа келгенде жауапкершілік алуыма үлкен отбасымның қолдауы себеп болды. Азаматым, саған сенім артқан екен, бар деп жолымды кескен жоқ, сенім білдірді.Жағдайымды жасады. Егер сен ұрпақ тәрбиесіне әсер ететіндей жұмыс істесең тарихта қаласың, мұны да бір қазақ істеу керек деп сенім білдірді. Көп пікірлерге қарсы тұра білді.

Қызметке ұсыныс айтқан министр Ғани Бектайұлы. Өзіңнен жоғары тұрған лауазым иесі, еңбегіңді бағалап, сіздің қолыңыздан келеді деп сенім артуының өзі, өзіңе деген үлкен сенім қалыптастырады екен.

Педагогтерге келетін болсақ, өзін дамытып, үнемі ізденісте жүретін ойлы педагогтерге басымды иемін. Ондай мұғалімдер бар.Түрлі жолдармен диплом алғандар да бар. Бір нәрсені айтқым келеді. Мұғалім орта жолдан қосыла салатын кәсіп емес. Мұғалімсің бе, 24 сағат мұғалім болуың керек. Осының түпкі мазмұнын түсінбейтіндер шықты қазір. Костюм киіп мен 24 сағат мұғаліммін деп Қапшағайда шомылуды қалай түсінуге болады? Осыдан кейін оны ата-ана, өзінің туған –туысы,жегжаты қалай құрметтейді?

Әңгіме сенің киіміңде емес, әңгіме жауапкершілікте, өзіңді-өзің жетілдіруде болып тұрған жоқ па? Егер педогог мәдениетті, мейірімді, ізденімпаз болса, оны кім жек көреді. Ол беделін осылай қалыптастырады емес пе? Абырой-беделді сатып ала алмаймыз, қолдан жасай алмаймыз. Абырой жұмыстың нәтижесінен көрінетін қасиет. Озық ойлы ұлт қалыптастыруда озық ойлы педагогтің орныерекше. Ұлттың сапасын көтеретін мұғалім. Мұғалімнің санасында осы болу керек.

-Алда тамыз конференциясы. Қандай жаңалықтар күтеміз?

-Былтыр тамыз конференциясы өңірлердің әлеуетін көрсетуді мақсат еткен. Биылғы  «Тамыз Самитте» жасанды интеллектбойынша білім берудегі жаңашылдықтар, әлемдегі озық елдер тәжірибесі таныстырылады.

Сондай-ақ, ерекше атап айту керек,  жаңартылған «Біртұтас тәрбие»бағдарламасының тұсауы кесіледі.

Сөз соңында, Сізге осындай келелі мәселелерді қозғап, ойтамызық жасап, жалпы халыққа ақпарат бергеніңізге алғысым шексіз! Шығармашылық табыс тілеймін! Осының өзі – Біртұтас тәрбиеге тамшы қосу деп білемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Саналы ұрпағымыз – сапалы ұлт кепілі бола берсін!

Сұхбаттасқан Бейсенкүл НАРЫМБЕТОВА

Автор: admin