• 28 ноября, 2024 10:27 пп

Қоғамдық бірлестіктер – азаматтық қоғамның дамуы

Автор:admin

Авг 16, 2023

Бүгінде әлемнің көптеген елінің саясатында үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше сипатқа ие. Өйткені мемлекеттік басқару жүйесіне қоғамдық қауымдастықты араластырмай түйткілді мәселелерді шешу мүмкін емес. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы үшінші сектор әлемдік трендтер бағытында дамып келеді. Яғни еліміздегі үшінші секторды қолдау мемлекет тарапынан да, бірқатар ірі компанияның қайырымдылық мақсаттағы ҮЕҰ арқылы да жүзеге асуда. Бұл бағытта сонымен бірге бизнестің, фандрайзинг жүйесі, әлеуметтік желілер және масс-медианың рөлі маңызды екенін де айта кеткен жөн. Десек те соңғы кездерде осы бағыттағы ұйымдар қоғамның дамуына қаншалықты атсалысуда, жұмыс істеу тәжірибесіне мемлекет көңіл бөліп отыр ма деген сауалдар төңірегінде туындаған мәселелерге жауап іздеу барысында ауыл-аймақтарда үшінші сектор үлесін арттыру қажеттігін аңғарамыз. ҮЕҰ дерекқорының көрсеткіштері бойынша елімізде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны бүгінде 25 мыңға жуықтаған. Көрсеткіштің 10 мыңнан астамын салықтық есеп ұсынған ұйымдар құрайды. Бірқатар дерек көзіне сүйенсек, белсенді ұйымдардың саны 5 мыңның айналасында. Бұл бағытта үкіметтік құрылымдардың жүргізіп отырған жұмысы ҮЕҰ дерекқорын жетілдірумен ғана шектелмейді. Бұл қадамдар мемлекет пен үшінші сектор және бизнес арасындағы ашықтықты да қамтамасыз ететін болады. Әрі ҮЕҰ тәжірибесінде қамтылмаған салаларды анықтап, қоғамның күш-жігерін сол бағытқа бұрудың маңызын көрсетеді. Сарапшылардың пайымдауынша, мәселе қоғамдық қорлардың көрсеткішін анықтаумен ғана шектелмейді. Қоғамдық қорлардың қандай да бір саладағы белсенділігі маңызды. Сонымен бірге қоғам мен азаматтардың мүмкіндіктерін, қолда бар ресурстары мен қажеттіліктерін талдаудың нақты құралы. Соңғы уақытта жергілікті басқару құрылымдары деректер базасына мәліметтерді ұсынбаған ұйымдармен азаматтық қоғамның басымдықтары жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді белсенді қолға алған. Былтыр жастар саясатын дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен қоғамның әлеуметтік осал тобына қолдау көрсету бағытында мемлекеттен үкіметтік емес ұйымдарға 1,8 млрд теңге бөлінді. Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдауға – 554,1 млн теңге, ал 305,4 млн теңге азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыруға, 231,5 млн теңге – білім, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге, 214,2 млн теңге – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, 114,6 млн теңге – халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Осы орайда гранттар мен сыйлықтар түрінде қаржыландырудың жаңа нысандарын енгізуді бірқатар сарапшы үкіметтік емес секторды азаматтық қоғамның әлеуметтік міндеттерін шешудегі белсенді институттардың бірі ретінде танудың нәтижесі ретінде қарастырады. Үкіметтік емес ұйымдардың отандық тәжірибесіне тоқталған Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті, саясаткер Дос Көшім елімізде үшінші сектор жобаларын қолдауға грант беретін көптеген шетелдік ұйымдар мен елшіліктер де бар екенін еске салды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан әлеуметтік қажеттілігі бар бағыттарға тендер арқылы қолдау көрсетіліп отыруының дәлелін елімізде жүзеге асып жатқан асыраушысынан айырылған отбасыларды, көп балалы аналарды қорғау, науқас балаларға, кемтар жандарға көмек көрсету мақсатындағы жобалар барысынан көруге болатынын айтады. Д.Көшім сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдардың негізгі бағыты пайдаға жұмыс істемеу екенін алға тарта отырып, өркениетті елдерде өз қаржысына немесе демеушілер есебінен жұмыс істейтін ұйымдардың көптігін негізге алды. Бұл елдерде азаматтардың көпшілігі бастаған ісіне бар ынтасымен кірісіп, нәтиже шығаруға, қолдауға, мұқтаж салаларға көмек қолын созуға дайын. Саясаткер атап өткендей, Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың алғашқы көрсеткіші «Семей – Невада», «Желтоқсан», «Азат» қозғалысынан бастау алады. Аталған ұйымдар қоғамға қажеттілігін әлдеқашан делелдеген. Ал саладағы жетіспейтін мәселе, енді-енді аяғынан тұрып келе жатқан көптеген қоғамдық ұйымға демеушілік көрсететін ұйымдардың аздығы. Бұл бағытта санаулы ғана азаматтарды айтып өтуге болады. Әрі олардың көпшілігі қайырымдылық жұмыстарын жария ете бермейді. Керісінше, спортшыға, әртіске қолдау көрсететіндер осы ісін жария ету арқылы өзінің танылмалдылығын арттырғысы келеді. Нашақорлықпен күрес, оларды емдеуге қолдау көрсету сияқты іс-әрекеттер сирек. Сондықтан да қоғамға қоғамдық ұйымдардың қажеттігі мен атқаратын рөлін түсіндіру жұмыстары жүргізілгенде ғана мемлекеттік билік, бизнес және үшінші сектордың өзара ықпалдастығы арта түспек. Әлемдегі бақуатты елдер тәжірибесінде үшінші сектор қалай жұмыс істейді? Осы сауал негізінде үкіметтік емес ұйымдардың рейтингіндегі алғашқы ондықтың жұмысына зер салған саясаткер Айдос Сарым Солтүстік Еуропа елдеріндегі қоғамдық ұйымдардың құпиясына тоқталды. Бұл елдерде кез келген азамат кем дегенде үш-төрт қоғамдық ұйымның мүшесі болады. Яғни шағын ғана аудан орталығында жергілікті тарихи ұйымның мүшесі ретінде ескерткіштерді қорғау, экологиялық қозғалыстың еріктісі, мәдени ұйымның мүшесі ретінде белсенді. Еуропа, Корея сияқты көптеген елде ересектердің, балалардың хорда ән айту тәжірибесінің өзі аталған елдерде жекелеген азаматтардың өзіне ұнаған іске ынтызарлығын көрсетсе керек. Кәсіподақтар ұйымына, партияға мүшелікке өту де ішкі белсенділікті білдіреді. Егер де қоғамда өзгеріске дайын іс-әрекеттер орын алатын болса, оның нәтижесі азаматтық құндылықтарға қызмет етпек. Қоғамішілік ұйымдардың дамуы кез келген белсенді азаматқа көршілермен жақсы қарым-қатынаста болуға, көтеріңкі көңіл күйде жүруге де ықпалы зор. Қоғамдағы әр азаматтың белсенділігі мен оған қоғам тарапынан қолдаудың болуы өз кезегінде еңбек өнімділігінің артуына ықпал ететінін сарапшылар жоққа шығармайды. Ондай азаматтардың еліне, Отанына деген сезімі де ерекше болмақ. Тіптен үкіметтік емес ұйымдарға біріккен азаматтар өздері сол ұйымның демеушісі бола отырып, қоғамды игі іске жұмылдырып жатса, кәнеки. «Біздің қоғам да осы бағытта жылжуы керек» деген ойымен бөліскен А.Сарым еліміздегі белсенді үкіметтік емес ұйымдар көрсеткішін аймаққа шағып қарағанда түкке тұрғысыз болып қалатынын алға тартты. Сонымен қатар елдегі қоғамдық-саяси өмір қала, облыс, аудан орталықтарымен шектеліп қалатыны қынжылтады. Қоғамдық ұйымдардың жергілікті жерлерде аналар кеңесі, ақсақалдар алқасы сияқты жақсы үлгісі бар дегенімізбен де аудан, ауылдарда адамдардың басын қосатын рухани-мәдени, қоғамдық шаралар аз, үкіметтік емес ұйымдардың саны мардымсыз. Осы орайда ауыл балаларына футбол алаңдарын салып беру үлгісіндегі жарқын мысалдарды алға тартқан сарапшы ұйымшылдық пен патриотизмді дамытуда ұйымдық, ұжымдық үлгідегі іс-әрекеттердің жетіспейтінін алға тартты. Сонымен қатар фермерлік ұйымдардан гөрі кооперативтер санын көбейту ұжымдық ұйымшылдықты, адамдардың бір-біріне деген сенімін нығайтуға ықпал етпек. Мұндай белсенділікті әжелер ансамбльдері негізінде де дамытуға болады. Бұл өз кезегінде қоғамның қарттар бөлігінің жалғызсырамауымен қатар отбасы ұйымшылдығына да ықпал ететіні сөзсіз. Ауылдық жерлерде әжелеріміздің қобдишасында сақталған бешпет, сақина, білезік тәрізді көне бұйымдарды жинау арқылы жергілікті музейлердің жұмысын жандандыру да қоғамды ізденіске бастайтын игі іс. Сондықтан да іргелі істерді ұйымдастыруда бастапқыда әкімдіктердің, партиялардың осы іске назар аударуы маңызды. Бүгінде әлеуметтік желінің азаматтардың ішкі белсенділігіне кері ықпалы тұрғысында ойларын ортаға салған сарапшының айтуынша, азаматтық қоғамның жарқын көрінісі қоғамның ізгілікке бастаған кез келген қадамынан көрінетіні анық. Еліміздегі қоғамдық ұйымдардың белсенділігі пандемияға байланысты еріктілер қозғалысы барысында ерекшеленді деуге негіз бар. Қиын жағдайда бір-біріне көмек қолын созып, қоғамда болып жатқан оқиғаларға бейжай қарай алмайтын азаматтардың бар екені қуантады. Ендігі кезекте үшінші сектордың күш-жігерін туған өлкені дамытуға, балалар мен жасөспірімдер жобаларын қолдауға, қарттарға көмектесуге жұмылдыруға бағыттау қажеттігін құптаған сарапшылар бұл бағытта ұжымдық белсенді ұйымдармен қатар еліміздің әрбір азаматы қоғамдағы өз орнының маңызды екендігін түсінгені абзал.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin