• 16 ноября, 2025 1:49 дп

Құқық қорғау органдары жастарға интернет алаяқтардан сақ болуға шақырды

Автор:admin

Окт 18, 2025

Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Тұрғынбай жастарға интернет кеңістігінде сақ болу қажеттігін ескертті. Jsk.kz ақпараттық агенттігі. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң мен тәртіп» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты қазіргі жастардың рухани — адамгершілік жағдайын талқылау, қатысушылар арасында құқық, міндет, жауапкершілік туралы дұрыс түсінік қалыптастыру және туындаған мәселелерді шешу жолдарын іздеу болды. Жастар — болашақтың негізін құрайтын кең әлеуметтік-демографиялық топ. Қоғамның одан әрі өмірі, оның мәдени және әлеуметтік дамуы оның қалауына байланысты. Сондықтан қазіргі жастардың құндылықтары туралы мәселе барған сайын маңызды бола түсуде.Осы тақырыптың өзекті мәселелерін талқылау үшін жиынға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Жансерік Жұман, білікті заңгер, кәсіби медиатор Айжан Кесебаева, сондай-ақ, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Тұрғынбай қатысты. Кездесу барысында жастарға заң аясында өмір сүрудің маңыздылығы, құқықтық сауаттылықтың қоғамдағы рөлі мен құқықтық жауапкершілік жайында кең көлемде ақпарат берілді. Спикерлер жастарды кез келген әрекетінде заң нормаларын сақтауға, өз құқықтары мен міндеттерін білуге шақырды. Айжан Кесебаева өз сөзінде соңғы жылдары жастар арасында құқық бұзушылық, буллинг және сталкинг сияқты әрекеттердің белең алып бара жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде сталкинг – қылмыстық жауапкершілікке тартылатын іс-әрекет болып табылады. – Психологиялық қысым көрсету, біреуді қудалау, әлеуметтік желіде жағымсыз пікір жазу немесе ар-намысқа тиетін сөз айту – барлығы заң бойынша жауапкершілікке әкеледі. Ең бастысы – заңды білмеу заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан әрбір жас өз құқығын ғана емес, өз міндетін де жете түсінуі керек, – деді заңгер Айжан Кесебаева. Ал Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Тұрғынбай жастарға интернет кеңістігінде сақ болу қажеттігін ескертті. Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құру процесінде құқықтық тәрбие мәселелері үлкен маңызға ие. Азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтар бойындағы Заңға құрмет сезімін ояту мәселелері  барлық  мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Құқық бұзушылықтың алдын алу — мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, барлық меншік нысанындағы ұйымдар және Қазақстан Республикасының азаматтары жүзеге асыратын, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою болып  табылады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin