• 19 сентября, 2024 10:03 пп

Үшінші мегаполисте құрылысы біткен көшелер көп

Автор:admin

Сен 2, 2023

Осыдан оншақты жыл бұрын небәрі 500 мыңнан сәл ғана астам тұрғыны бар Шымкент шаһары бүгінде – миллиондар мекені. Өндірісі өркендеп, кәсіпкерліктің жандануы нәтижесінде Шымкент ірі орталыққа айналды. Мегаполистің тұрғындарына қажетті нысандар қазіргі таңда қаламызда бірінен соң бірі іске қосылып келеді. Қала мен елдімекендерді жалғайтын жолдар жөнделіп жатыр. Абай ауданы, Самал-3 шағынауданындағы Ш.Мұстафаев көшесінде жөндеу жұмыстарын  маусым айында мердігер компания  «Нұрлы жол-7» ЖШС-і бастаған болатын. Ал «ДостықСпецТранс» ЖШС Еңбекші ауданы Қаратөбе тұрғын алабындағы Тойшы ата көшесінде орташа жөндеу жұмыстарын бастаған. Бұл көшелер қазір толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен бірге сәуір айында Енбекші ауданы, №86 автобустың соңғы аялдамасынан мазаратқа дейінгі атауы жоқ көшеде орташа жөндеу жұмыстары басталып,  қазіргі таңда көше пайдалануға берілді. Дәл осындай қуанышты жаңалық талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан  Абай ауданы Ынтымақ шағынауданы, Зеленая көшесі мен «Отан Мұнай» жанармай құю бекетінен кейінгі атауы жоқ көшеде де орын алды.  Ұзындығы  3,3  шақырым,  ені 5 метр болатын көшені жөндеу «ДостықСпецТранс» ЖШС-інің  құзырында болатын. Шаңырақ шағынауданындағы Атамұра көшесінің мәселесі де биыл шешімін тапты. Ал  «Ақжайық» шағынауданындағы Сырым батыр көшесінде көлік қатынасының көбеюіне байланысты жолдың ені 1,5 метрге кеңейтіліп жатыр. Үшінші мегаполисте құрылысы біткен көшелерден бөлек, бүгінде жұмысы қарқынды жүріп жатқан көше де көп. Олардың қатарында Байтұрсынов көшесінің Арғынбеков көшесі қиылысынан дендросаябаққа дейінгі бөлігіндегі күрделі жөндеу жұмысы бар. Аталған жолдың  бұл бөлігіне бүгінге дейін тек шағал тас төселінген болатын. Қазір мұнда ұзындығы  500 метр болатын асфальт төселініп, жаяу жүргіншілер жолы, веложол және ирригация жүйесі қарастырылған. Қайта жөндеу жұмысы жүріп жатқан жолдардың бірі – Жангелдин көшесі. Бүгінде монтаждау жұмысы аяқталып, асфальт төселініп жатыр. Жөндеу жұмысы барысында ирригация жүйесі де қайта жөнделіп, жолдың жиектастары ауыстырылады. Жол құрылысына жауапты сала басшылығының айтуынша, осы жылы 45 мердігер мекемемен 414 шақырым жолға  қайта құру және күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Құрылыс жұмысына 400 техника жұмылдырылған. Қаладағы ішкі көше жолдары құрылысының 80 пайызы тамыз айында аяқталады.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin