Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Шымкент қаласында «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» атты мерекелік іс-шара өтті. Шараны Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы ұйымдастырды.
Мерекеге Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты.
Алдымен қатысушылар ұйғыр халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады.
Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а Заңғарбек Үсіпахметов:
«Қазақстан халқы Ассамблеясы — бейбітшілік пен келісімнің символы. Біздің басты байлығымыз – ел ішіндегі татулық пен өзара құрмет. Осындай мәдени іс-шаралар арқылы біз бір-біріміздің дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді тереңірек танып, ортақ құндылықтарды нығайта түсеміз», — деді.
Іс-шараның салтанатты ашылуы «Умай» би тобының орындауындағы ұлттық «Кербез сылқым» биімен басталды. Кеш барысында ұйғыр мәдениетінің ерекше өрнегін көрсеткен өнер ұжымдары мен жас таланттардың орындауындағы ән мен би көрерменнің көңілінен шықты.
Сахна төрінде Т.Молдағалиевтің сөзіне, С.Байтерековтің әніне жазылған «Жан досым» әні шырқалып, Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» әншілер тобының әуезді әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.