Шымкент қаласында мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл– Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тіл саясаты комитеті ұйымдастырды.
Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеріп, оны күнделікті өмірде, қызметте және қоғамдық ортада еркін қолданып жүрген этнос өкілдерінің арасынан үздіктерін анықтау. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді насихаттап, ұлт бірлігін нығайтуға үлес қосу да байқаудың басты ұстанымдарының бірі болды.
Байқауда ерекше көзге түскендердің қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де бар. Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Илгар Ахметов бірінші орынды жеңіп алып, 200 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
— Бұл байқауға қатысу мен үшін үлкен абырой. Қазақ тілін меңгеру – тек білім емес, халқымыздың тарихына, мәдениетіне деген құрмет деп білемін. Мемлекеттік тілді үйрену арқылы мен өз елімнің толыққанды азаматы екенімді сезінемін, – деді Илгар.
Ал екінші орынды Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі лейтенанты Александр Сон иеленіп, 150 000 теңге көлемінде сыйақы алды.
Ұландықтар мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасы мен құрметін, ұлт бірлігіне деген адалдығын іс жүзінде дәлелдеді.
