• 23 ноября, 2024 4:28 дп

Ұлттық жоба халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған!

Автор:admin

Июл 17, 2023

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған, 15,5 трлн теңге көлемінде жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. 2021 жылы елімізде «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бекітілді. ҚР Үкіметінің 12 қазандағы №730 қаулысымен қабылданған ұлттық жобаның негізгі мақсаты – экономиканы әртараптандыру. Сөйтіп, халықтың табысын арттырып, тұрмысын түзеу. Әрине, зымыран уақыт атқан оқтай, бұлаңдап шапқан аттай ұстатпайды. Әне-міне дегенше бұл ұлттық жобаның қабылданғанына да бір жылға жуықтады. 2025 жылға дейін алға қойылған жоспарды түгел орындау үшін ұлттық жоба аясында қандай жұмыстар қолға алынды? Алдағы үш жылға артылар салмақ қандай? Өткен жылдың қазан айында Қазақстан үкіметі бірнеше ұлттық жобаны мақұлдаған болатын. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жоба сондай маңызды шешімдердің бірі. Мамандардың дерегінше, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасын жүзеге асыру 2025 жылға қарай нәтиже бермек. Ұлттық жоба негізгі бес бағытты қамтиды. Олар индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ химия кешені мен геология саласын дамыту, энергетика саласын жандандыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету. Осындай негізгі бағыттарға сай жұмыс істейтін ұлттық жобада әр бағыт бойынша негізгі міндеттер де айқындалған. Аталған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізіп, игі жобаның ізгі нәтижесін көру үшін 15,9 трлн теңге жұмсалады. Ұлттық жобаны іске асыруға қажетті қаржының 402 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді, қалған 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар есебінен қарастырылады. Оны толықтай іске асыру нәтижесінде тұрақты экономикалық өсім кемінде 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіледі. Елімізде 127,8 мың жұмыс орны құрылады. Оның 102,8 мыңы – тұрақты жұмыс, қалған 25 мыңы – уақытша жұмыс орны болмақ. Үкімет жоспары осындай. Өңдеу өнеркәсібіндегі қызметкерлердің орташа жалақысы – 31,5 пайызға, электр энергетика саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы – 50 пайызға, мұнай-газ химия саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы – 25 пайызға өседі. Демек, осы тәуір бастамалардың арты сиырқұйымшақталып кетпесе, онда ұлттық жоба «екі қолға бір күрек» таппай жүргендердің мәселесін шешеді және халықтың тұрмысын түзеп, әл-ауқатын арттырады.

Jsk ақпарат

Автор: admin