• 21 сентября, 2024 11:09 пп

Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға

Автор:admin

Июл 5, 2023

Ұлттық Құрылтайдың құрамында 117 адам бар. Құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысып отыр. Құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шақырылған. Үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері де шет қалмаған. Құрылтай құрамында өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері бар. «Мен Ұлттық құрылтай атына заты сай болып, ел үмітін ақтайды деп сенемін. Бізде түрлі пікірталас алаңдары бар. Бірақ, Құрылтайдың орны бір бөлек.Құрылтай – кең ауқымды жиын. Бірақ, бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек. Отырыстарды мұқият ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жерде шын мәнінде халықтың үні естілуге тиіс. Кез келген адамды Құрылтайға қатыстыруға болмайды. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек. Бұл ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына кәміл сенемін», – деді Тоқаев.  Осы кезекте ол Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы мазмұнды өткенін. Халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылғанына тоқталды. «Ұсыныстарды Құрылтайдың хатшылығы жинақтап, маған береді. Жазбаша пікірлеріңіз болса, жіберіңіздер. Құрылтай жұмысынан сырт қалған адамдардың ұсыныстарына да көңіл бөлеміз. Ой-пікірлердің ешқайсысы елеусіз қалмайды. Оның бәрін зерделеп, маңызды бастамаларды міндетті түрде бірге жүзеге асырамыз. Жалпы, жұмысты жүйелі, ұйымдасқан түрде жүргізуіміз керек.Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды, – деді мемлекет басшысы. Осылай дей келе президент тағы бір маңызды бастама көтерді. «Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт  бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің Ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз», – деді еліміздің басшысы. Ол референдум арқылы Ата заңымызға енгізілген түзетулер күшіне еніп,  басқа да заңдарды Конституцияға сай өзгертуіміз қажет екеніне сенімді. «Халық шынайы жаңғыру болады деп күтіп отыр. Сол үшін референдумда бастамамызды қолдап, сенім мандатын берді.  Енді, конституциялық реформаны жедел әрі толық жүзеге асыруымыз керек. Қазірдің өзінде маңызды өзгерістер болып жатыр. Мен референдумға дейін партия қатарынан шықтым. 5 маусымнан кейін бұл шешім конституциялық нормаға айналды. Мемлекет басшысы барлық саяси күштерден дербес тұруы керек. Президенттің әрбір іс-әрекеті тек мемлекет мүддесіне арналуға тиіс», – деді Тоқаев. 8 маусымда үш жаңа облыс құрылды. Өңір басшылары Ата заңның жаңа талаптарына сәйкес тағайындалды. Мәслихат депутаттары дауыс беріп, әкімд президент ұсынған азаматтардың ішінен таңдалды. Конституциялық өзгерістер, осылайша, кезең-кезеңімен қолданыла бермек.   Жаңарған Конституция толыққанды қолданысқа енуі үшін әлі көп жұмыс істеу керек. «Біз 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы және басқа да бірқатар заңдарды өзгертеміз.  Бұл елді табысты жаңғырту тұрғысынан өте маңызды. Заңдарды қабылдау үшін бірнеше ай, тіпті, жарты жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ, реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайды. Жұрт нақты өзгерістердің қазір болғанын қалайды. Сондықтан, депутаттарымыз негізгі заң жобаларын осы кезден жинақтай беруі керек.  Сосын күзгі сессия басталғанда бірден іске кіріскен жөн. Басты заңдар жыл соңына дейін қабылдануға тиіс. Сонда ғана жан-жақты жаңғыруды жоғары қарқынмен жалғастыра аламыз», – деп атап өтті Тоқаев. Жалпы, конституциялық реформа саяси жүйенің тепе-теңдігін орнықтырады. Осы іс-шаралар халқымыздың мемлекетті басқару ісіне қатысуына мол мүмкіндік береді. Билік пен қоғамның әріптестігі Әділетті Қазақстанды құру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс.  «Осы орайда, референдум жаңа қоғамдық мәміленің негізін қалыптастырды. Біз ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет.  Бұл – Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті. Сондықтан, мынадай бағыттарға назар аудару қажет деп ойлаймын», – деді президент. Жалпыұлттық бірлікті нығайту Біз демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрамыз. Бұл – стратегиялық бағытымыз. Осы бағдарды берік ұстануымыз керек. Соңғы үш жылда бұл салада біраз нәтижеге жеттік. Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идеялар ұсынылды. Митингілер туралы  демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз. Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. «Біз, ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Халықтың болмысын және қоғамдық сананы жаңғыртпай, түбегейлі өзгеріс жасау мүмкін емес.Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз», – деді президент. Демократия дегеніміз – керемет өмір туралы жалпылама ұғым, түсінік емес. Бұл – күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты.  Атаққұмарлар мен алаяқтардың жалаң ұраны мен құрғақ уәдесіне алданбау қажет. Еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерді дау-дамаймен емес, ұтымды ой-пікірмен, парасатты пайыммен және саналы көзқараспен шешкеніміз абзал.  Біз «түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз қажет. Бір-біріміздің ой-пікірімізді тыңдап, құрметтей білсек, алға қадам басамыз. Сонымен қатар президент демократиялық реформа жасаймыз деп, мемлекетті әлсіретуге еш жол бермеуіміз керек екенін де айтып өтті. «Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда еліміздің ең басты құндылығы – егемендік екенін атап өттім. Қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін  Қазақстанда саяси белсенділік күрт артты. Жаңа саяси партиялар және қозғалыстар құрылып жатыр. Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде түрлі мәселелерді көтеріп жүр. Шыны керек, кейде мүлде ақылға сыймайтын пайымдар да айтылады. Жұрт даулы мәселелерге наразылық білдіріп, көшеге шығатын болды. Заңды белден басатын азаматтар да жоқ емес.        Біртіндеп демократия жолына түсу кезінде мұндай жағдайлардың болуы – түсінікті. Бірақ, Заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін әрдайым есте ұстау қажет»,- деді мемлекет басшысы. Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың  бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс.   «Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді», – деді Тоқаев.  Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек.     «Елімізде әлі шешімін таппаған түйткілдер көп. Оған көз жұма қарау қоғамда әділетсіздік жойылмайды деген теріс ой туғызып, әлеуметтік депрессияға әкеп соқтырады. Біз бар күш-жігерімізді салып, осы мәселені шешуіміз керек. Мемлекет пен халық мүддесін бәрінен биік қойғанда ғана, мақсатымызға жетеміз. Нағыз мемлекетшіл адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауы керек. Мен баршаңызды дәл осындай отаншыл азаматтар деп санаймын», – деді президент. Ұлтымыз бірлік пен тәуелсіздік мұраттары жолында ұйысуы қажет. Ұлттық құрылтай мүшелері осы мақсатқа бар күш-жігерін жұмсайтынына кәміл сенемін. Сонда ғана озық демократия дәстүрін қалыптастырамыз, Әділетті және Жаңа Қазақстанды құрамыз. Реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру Ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отыр. Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен, референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды. «Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз.  Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн.  Сіздер еліміздің түкпір-түкпірінен келіп отырсыздар. Тұрғындармен жиі кездесесіздер. Реформаның мән-маңызын елге жан-жақты түсіндіру қажет, – деген өтініш білдірді ел басшысы Қазір – интернет дәуірі. Жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек.   «Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін  ертең солар көреді. Біз не істесек те бәрін ұрпақ үшін істеп жатырмыз. Әрине, бұл жұмыстан қоғамның басқа өкілдері де тыс қалмауға тиіс. Жаңа қоғам құрып, жаңа сананы қалыптастыру ісіне бүкіл елді ұйыстыру қажет. Осылайша, Құрылтай реформаларды жүзеге асыруға жан-жақты атсалысады. Түптеп келгенде, Ұлттық құрылтай негізгі азаматтық қоғам институттарының біріне айналуға тиіс», – деді Тоқаев.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin