«Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін», -деп айтқан болатын президент. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. «Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сондай-ақ, оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады», – деді мемлекет басшысы Президент цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайтынын айта келе, дамыған мемлекеттер соған ұмтылып жатқанын, бізде ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қаже екенін атап өтті. «Мен елімізді дамытуға қатысты бірнеше маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсу – ең басты міндеттің бірі. Жаңа Қазақстан дегеніміз – ең алдымен, құндылықтардың жаңаруы. Сондай-ақ, қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетінің өзгеруі. Мен осыған дейін де бұл туралы бірнеше рет айттым», – деді Тоқаев. Тағы бір маңызды жұмыс – бұл тарихи әділдік орнату. Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн. Соңғы екі жылда бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылды. Ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының есімі ардақталды. Тарихи даталар қалпына келтірілді. Осылайша, еліміздің шынайы шежіресі жазылып жатыр. Өткенге әділ баға берілмесе, жарқын болашақтан үміт күту қиын. Мұны терең түсінген абзал. «Мен былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бердім. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдарымыз жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Мен өзім де бұл жұмысқа үлесімді қосамын. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керек. Дегенмен, мәселе уақытта емес, сапада. Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырамын. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болады», – деді президент. Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды», – деді ел басшысы. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек. «Саяси реформаны мерекелер күнтізбесімен ұштастыруымыз бекер емес. Бұл қадам қоғамды жаңғыртады және ел бірлігін нығайта түседі деп санаймын. Біз ауқымды реформа жүргізу арқылы билік пен қоғамның қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеміз. Яғни, олардың арасында өзара серіктестік пайда болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыздың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырамыз. Әр адамның жетістігі тұтас еліміздің табысты болуына жол ашады»,- деді Тоқаев.
Біздің қоғамның ынтымақ-бірлігі мүлде жаңа сипатқа ие болды. Алдымызда ауқымды жұмыс бар. Жаңа Қазақстан идеясын іске асырамыз десек, аянбай еңбек етуіміз керек. Шын мәнінде, елді еңбекқорлық қана көркейтеді. Табысқа жетудің ең басты кілті – еңбек. Ұлы Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп өсиет қалдырды. Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз. Табанды еңбек – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын басты формуланың бірі. Тіпті, бірегейі деуге болады. Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн. Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет. Біздің бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар. Олар Ресейге барып, қара жұмыс істеуге мәжбүр, ал біз, қазақтар, ондай жұмысты істемейміз, бақытты халықпыз деп айтқан. «Естімеген елде көп», әрине. Бірақ, бұдан өткен сорақылықты ойлап табудың өзі қиын. Еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып, мақтанбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек. Еңбек дегеніміз – бұл қасиетті ұғым. Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Мұндай теріс пікірлер жастарды адастырады, олардың дүниетанымына жағымсыз әсер етеді. Тіпті, кейде жастарымыз жұмыстан қашып, жеңіл табыс көзін іздеп жатады. Ақыр соңында, мұның бәрі бүкіл халықтың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Қазақ – қолы ашық, қайырымды, қонақжай халық. Бұған ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймын. Бірақ, әлемде осындай қасиеттерге ие халықтар аз емес. Жастарымыз, ең алдымен, зияткерлік қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, еңбекқор болуы қажет. Қазір – ақыл-ой және дарын иелерінің заманы. Қазақстан да осы көштен шет қалмауға тиіс. Озық білім мен қажырлы еңбекті ұштастыра білсек қана, еліміз өсіп-өркендейді. Көздеген мақсатына жетеді. Халқымыз қанағатшыл, үнемшіл, өнертапқыш болуға ұмтылуы керек. Осындай жақсы қасиеттер әркімнің мұратына айналуға тиіс. «Қоғамда қызу талқыланып жатқан тағы бір мәселеге тоқталсам. Бұл – кадр саясаты. Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды. Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті, кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін де бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер де бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес», – деді ел бссшысы. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық тақырыбын да айналып өтпеді «Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады», – деді президент. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр. Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық. «Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады. Сондықтан, менің Жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ, біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады», – деді ел басшысы. Құрылтай мүшелері осы қоғамдық кеселдің бетін қайтаруға белсене атсалысады деп сенемін. Әрине, бұл – бір жылдық шаруа емес. Тиісті түсіндіру жұмысын жүргізіп, тосқауыл қоймасақ, жемқорлар алшаң басып жүре береді. Ал, жұмысына адал нағыз еңбек адамына қоғам, әсіресе жастар менсінбей қарайтын болады. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Мұны баршаңыз жақсы түсініп отырсыздар деп ойлаймын. Жалпы, әділдік – әрқайсымыздың бойымызда болуға тиіс құнды қасиет. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «әділдік жолы – ең қиын жол» екенін ұмытпауымыз керек. Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді. Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құруымыз керек. Оның бір жолы – тәуелсіз сот жүйесі. «Бабаларымыз «Тура биде туған жоқ деген» деген сөзді тегін айтқан жоқ. Біз қара қылды қақ жарған билер жолын жалғастыруға тиіспіз. Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді. Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет. Мен мықты кәсіби заңгерлерді Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын», – деді Тоқаев. Ұлттық құрылтай қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімнің символына айналуы керек. Бір ел болып жұмылсақ қана, барлық кедергілерді еңсереміз, өсіп-өркендейміз. Бізді ұлт ретінде ұйыстыратын құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау аса маңызды. Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. «Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Бірақ, бұл жеткілікті емес. Сондықтан, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет», – деді ел басшысы. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан, тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек. Әсіре радикалдық іс-шараларға, мысалы, тіл патрульдеріне жол бермеуіміз қажет. Олар – нағыз арандатушылар, өзге елдердің мүддесіне қызмет етеді. Ғылым, оқу-ағарту жүйесінде маңызды өзгерістер, тіпті ауқымды реформалар керек. Қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің тілі болуына үлес қосайық. Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. «Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. Мысалы, кириллица графикасындағы қазақ тілінің төл сөздерінде «ы» әрпі жиі кездеседі. Осы әріпті механикалық түрде латын графикасына көшірсе, ағылшын тіліндегі «Ү» әрпі әрбір тиісті сөзде пайда болады. Бұл – дұрыс емес. Бізге және түркітілдес бауырларымызға «Ү» әрпі жиі кездесетін сөздерді оқу қиынға соғады. Мысалы, «тыныштық» («tynyshtyq») деген сөзді алып қараңыздар, үш «Ү» әрпі пайда болды. Сөздің өзі көзге жағымсыз көрінеді. Осындай мысалдар өте көп. Міне, сол себепті, мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым», – деді президент. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады. Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек. Тіл – ұлттың жаны. Оған немқұрайлы қарауға мүлде болмайды. Сондықтан, біз тіліміздің мәртебесін арттыратын графиканы ғана қабылдаймыз. «Ұлттық құрылтай туралы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін.Біз бүгін құрылтай жұмысының негізгі бағдарын айқындадық. Бұл құрылым демократия құндылықтарын орнықтыруға зор үлес қосары сөзсіз. Құрылтай жұмысы мұнымен шектеліп қалмайды. Біз жыл сайын тұрақты түрде кездесіп тұрамыз, – деді Тоқаев. Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады. «Алдымызда ауқымды жұмыс бар. Ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы керек. Онсыз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мүмкін емес. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың өзегі ел бірлігі екенін есте сақтайық. Халқымыз «береке басы – бірлік» деген. Қазір әлемдегі ахуал құбылмалы. Оны жақсы білесіздер. Осы күрделі кезеңде ауызбіршілігіміздің мықты болуы өте маңызды. Біз қиындықтың бәрін ынтымақтың арқасында еңсеріп келеміз. Болашақта да осы жолдан таймауымыз керек», – деді мемлекет басшысы. Сөз соңында мемлекет басшысы жағымды жаңалықтарымен бөлісті: Кеше даңқты композитор, Әнұранымыздың авторы, ұлт руханиятында ерекше орны бар, аса көрнекті тұлға сазгер Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім.
Jsk ақпарат орталығы