• 21 ноября, 2024 9:06 дп

ӘКІМ ШЫМКЕНТТІК БАЛҒЫНДАРҒА ПРЕЗИДЕНТТІҢ СЫЙЛЫҒЫН ТАБЫСТАДЫ

Автор:admin

Дек 30, 2022

 

Бүгін үшінші мегаполистегі әлеуметтік оңалту орталықтарында ем алып жатқан балалар мен балалар үйіндегі бүлдіршіндер мерекелік көңіл-күйге бөленді. Қала әкімі Мұрат Әйтенов балақайларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа жылдық арнайы сыйлығын табыстады.
Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов мерекелік таңертеңгіліктерге барып, балаларға ел Президентінің құттықтау хатын жеткізді.

– «Айналайын, балақай! Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Осы тамаша мейрам саған көп қуаныш әкелсін. Келешекте Отаныңды сүйетін үлкен азамат бол. Білім мен еңбек сені биік белестерге бағыттайды. Оқуда озат болып, спорт және шығармашылық салаларында зор табысқа жетуіңе тілектеспін!», – деп жазды Президент құттықтау хатында. Расында, еліміздің келешегі – бүлдіршіндеріміз әрқашан мемлекет назарынан тыс қалған емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Осы балалар жылын оң өзгерістермен қорытындылап отырмыз. Биыл балғындарға білім беру, денсаулығын оңалту, демалысын ұйымдастыруға және мектеп санын көбейту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Міне, өздеріңізге Президенттің аманатын жеткізгелі отырмын. Келер жыл әр отбасына қуанышпен енсін! Бүлдіршіндеріміздің жүзінен күлкі кетпесін! – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Қала әкімі салтанатты жиындарда балалармен бірге көңіл көтеріп, түрлі кейіптерге енді, ән шырқады. Мерекелік жиында Аяз ата мен Ақшақар бастаған ертегі кейіпкерлері балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалар тақпақ пен ән айтып, шаттана билеп, өздеріне қамқорлық жасаған ел ағаларына алғыс айтып, ақжарма тілегін жеткізді.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бұл күні балаларға арналған №6 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, балалар клиникалық ауруханасында, №3 балалар үйінде және мамандандырылған бөбектер үйіндегі мерекелік іс-шараларға қатысып, Президенттің жолдаған хаты мен сыйлығын табыстады.

Автор: admin