Өз тіліміздегі төл сөздерімізді де жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектеседі. Қазіргі заман — жазу заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады. Осы жазулар бүгінгі ұрпақтың орфоэпия (айталым) заңдылықтарын ұмытып, айтуы да, жазуы да орфография (жазылым) заңдылықтарымен жүруіне итермеледі. Яғни, жазылым (орфография) күшейіп, айтылымға (орфоэпияға) үстемдік ете бастаған кезең, себебі халық оқымаған кезде тіл бұзылмай келсе, жұрт сауаттанған сайын жазу ісі де белең алып, алға шықты. Сонымен бірге сөйлеу әрекеті де жазудың ықпалымен кетіп, айтылым талаптары көп ескеріле бермейтін болды. Жазудың қызметі айтуымызды дәл таңбалау болу керек еді, яғни жазуымыз біздің айтуымызға қызмет етуі керек еді. Ал іс жүзінде жағдай керісінше болып, тілдің негізгі тіршілігі – орфоэпиясының талаптары ұмытыла бастады. Қазақ тіл білімінде қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі тіліміздің айту нормасын сақтап, қазақ тілінің артикуляциялық базасына сай айту мен жазу арасындағы ерекшеліктерге жете назар аударту, әсіресе, ғылыми қауымды алаңдататыны тіл дыбыстарының айтылу нормасы сақталмауы болып отыр. Қазіргі жастар арасында тілдің айтылым (орфография) және жазылым (орфография) заңдылықтарын ажырата қарамай, жазылым бойынша сөйлеуі етек алып бара жатыр. Мысалы; «аман келді» деген тіркесте сөз арасындағы «нк» дыбыстарын біреулері сол күйінде айтса, екінші бірі «нг» (амангелді), үшінші — «ңк»(амаңкелді), төртіншісі — «ңг»(амаңгелді) деп, төрт түрлі айта береді. Осы тіркестің төртіншісі тоғыспалы ықпал арқылы дұрыс айтылған. Бұл заңдылықты мектеп оқушылары түгілі, кейбір ғалым ағалар да: «Қазіргі жастар бұлай айта алмайды, дәстүр-дәстүр деп елдің бұрынғы оқымаған кезіндегі сөзін қазір үлгі етуге, артық кетуге болмайды» деп, ана тіліміздің басты ерекшілігін танытатын — үндестік заңын мойындағысы келмейді. Орыс сөздерінде келген сөз басындағы қос дауыссызды қатар айтуға үйреніп кеткеніміз сонша — енді дұрыс тұрған қазақтың өз сөздерін де «қос дауыссызды қатар айту» үлгісімен бүлдіре бастадық. Мысалы, трактор, спорт, стакан, кран, сияқты т.б. сөздер басындағы қос дауыссызды қиналмай айтуға үйренген қазекем енді өзінің дұрыс тұрған сөздерін бр (бір), бреу(біреу), крсін(кірсін), қздар(қыздар), қрқ (қырық), стық(ыстық), рас(ырас),смағұл(ысмағұл-сымағұл), рсты(ырысты) деп бүлдіріп, екі дауыссыз арасында, не сөз басында келетін қысаң «ы», «і» дыбыстарын өте көмескі айтуға, тіпті айтпай кетуге бейімделе бастады. Қазақ сөздеріндегі дауысты-дауыссыз дыбыстардан тұратын «ый», «ій», әріптерінің тіркесін орыстың «и» әрпімен, ал ұу/үу тіркесін «у» әрпімен беру туралы емле — ереже «и», «у», әріп таңбаларын дауысты дыбыс деп жаңсақ түсінуге себеп болды. Қазақ орфографиясындағы осы қиындық салдарынан «и», «у» «дауысты дыбыстан кейін келсе-дауыссыз, ал дауыссыздан кейін келсе, дауысты болады» деген «жаңылтпаш» ережені туғызды. Сөйтіп, оқушы мен мұғалім түгіл, оқулық жазып жүрген «ғалымдарымыз» да өздері адасқанымен қоймай, жұрттың да миын ашытып жіберді. Сондай-ақ, қазіргі жазуымызда «ый», «ій», «ұй», «үй» дыбыстары тіркестерін таңбалайтын «и» әрпі мен жалаң дауыссызды таңбалайтын «й» әрпінің екеуі де сайып келгенде бір «j» фонеманы таңбалайтынын байқауға болады. Қазақ тіліндегі «ы», «і» дыбыстары, біріншіден, фонемалық қасиетімен қатар, екіншіден, қатар келген екі дауыссыздың арасына тұрып, селбеспелік қызмет атқарады. Сонымен қатар, осы дыбыстардың емлесіне көңіл аудару керек сияқты. Оны біреулер жазуда, шама келгенше, аз қолдануды жақтап, мағынаға әсер етпейтін жағдайларда жазбауды жақтаса, енді біреулер түбір мен қосымша арасында бірнеше дауыссыз қатар келмеуі тиіс, сондай-ақ буын мен сөз аяғында келмейтін «б», «д», «г», «ғ» дыбыстырынан кейін «ы», «і» қолданылғанын жақтайды. Осындай тағы басқа жағдайларға байланысты қазір «рақ/мет», «ем/ле», «бағ/лан», «мәс/лихат» деген т.б. сөздерді «ы», «і» дыбыстарынсыз жазып, ал осындай «қазына», «мағына», «қатынас», «абырой», «жұдырық» деген т.б. сөздерде «ы», «і» дыбыстарын түсірмей жазып жүрміз. Қазақ жазуы емлесіндегі күрделі мәселелердің бірі сөздерді бірге және бөлек жазудың теориялық ұстанымдарын, негізгі таянышын анықтау болып табылады. Сол сияқты орыс тіліндегі сөздерді үлгі ете аударған сөздердің емлесінде де ойланатын тұстар бар. Мысалы, жазу практикасындағы кемшіліктің бірі орысша баламасына қарап бір типтегі сөздердің бірін қосып (аяқкиім-обувь), екіншісін бөлек (бас киім – головной убор) жазу жиі кездеседі.
Jsk ақпарат