• 21 ноября, 2024 1:08 пп

Қазақстанның қарулы күштерінің құрылғанына да 30 жыл толды. Бес қаруды сайлап, сақадай сай болуға не кедергі келтірді? Жемқорлық па? Немқұрайлылық па? Әйтеуір, біздің әскердің әлімжеттікпен аты шыққаны рас. Әлемде Қазақстан әскеріне көңіл бөле бермейтін елдердің қатарында боп шықты. Осылардың салдары ма, әйтеуір, Отанға қауіп төнген қаңтарда әскеріміздің әлсіздігі әшкере болды.

Қорғаныс саласының бюджеті 1,9 млрд теңге, бұл жалпы ішкі өнімнің 1-ақ пайызын құрайды. Мұны сарапшылар тым аз деп санайды. Көбейткен күнде де жемқорлардың қалтасына түссе, көмекті көбейткенмен пайда аз. Бізде әскери ұшақтар ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Жоқ қылыпжібергендер депутат болып, әлгі жерде ел ағасы болып жүре береді.

Құрлық күштері төрт қолбасшылыққа бөлінген. Қорғаныстан бөлек, ІІМ-нің ішкі әскерлері, ҰҚК-нің шекара қызметі мен өзге де әскерлері, сондай-ақ, Республикалық  «Ұлан» гвардиясы ел басына күн туса, күш біріктіре алады. Алайда, жыл басында орын алған сын сағатта шеттен әскер шақыртып, масқара болдық.

Сенген Әуе, құрлық бригадалары мен батальондары қайда қалды? Әлде біздің әскер сарбаздарды сабап, не өлтіруден басқа ешнәрсемен айналыспайды ма? Жауынгер қазақтан тараған батыр халық ек, қазір диван батырға айналып кеттік. Өскелең ұрпақтың бойында да, ойында да патриоттық сезім жоқ. Олар Отанын қалай қорғайды? Бізден басқа мемлекеттердің барлығы дерлік өз азаматтарын бала күнінен Отанды сүйіп, қорғауды, қорғануды үйретеді. Жұрттың баласы титтейінен соғысқа дайын тұрады. Ал, біздікілер ойын бағып, қызық қуып жүр. Әскери борышын өтеуге асықпайтындары баршылық. Әскерге деген сенімсіздік түрлі әскерияттардағы былық-шылықтың салдарынан орнады. Әйтпесе бізде артиллериялық, ракеталық, зымыранды, зеңбіректі артиллериялық, тіпті танк бұзатын бригадалар бар еді. Сарбаздар сылбыр ма, әскербасылар былжырақ па, ол жағын Президенттің өзі дөп басып айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

— Армия Тәуелсіздігіміздің тірегі болып, мемлекет мүдделерін қорғауы тиіс. «Қаңтар оқиғасы» кезінде қарулы күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық, — деді.

Аласапыран боп жатқанда, командирлік қабілетін көрсете алмаған экс-министр Мұрат Бектанов қызметінен босатылды. Оның орнына Руслан Жақсылықов тағайындалды. Қуатты қаруланғанымен, террористерге тойтарыс бере алмағаны үшін айыпталды. Сол күндері Кәрім Мәсімовтың ықпалымен күштік құрылым басшыларының біразы қызмет орнынан табылмаған. Мәсімовтың төңкеріс жасап, таққа отырмақшы болғаны белгілі. Бірақ оны бейбіт тұрғындарға оқ атқызатындай жауыздығын ешкім елемеген екен. Қырық өтірік құрап, жүз жерден ақталса да, Отанға жасаған опасыздықтары ақтауға келмейтін қылмыс. Халықтың оған деген күмәні шүбәсіз дәлелденді емес пе? Көпшіліктің бір қайнауы қайырымсыз билікте жүрсе, Мәсімовтың ойлағаны өзін ұнатпайтын елді билеу болыпты. Шүкіршілік, сатқындыққа барған шенді-шекпенділер шетінен қамалып жатыр. Биліктің о жақ, бұ жағында жүргендердің көбісі клан құрған. Мәсімовтың кланы күштік құрылымдардан болса, «Жабайы Арман»дыкі бұқараның арасында, Мұхтар Әблязовтыкі көшенің бұзақылары және т.б. тағы бар.

Кландар бір-бірімен соғысып, қарашамен қақтығысып қалды. Қақтығысқан жоқ, аяусыз ұрып-соқты, оқ атты. Азаматтардың аңқаулығын пайдаланған пысықайлар, бейбіт шерудің шат-шәлекейін шығарды. Өздері қашып кетті. Соларған сенген жұрттың аузы оңбай күйіп қалды. Шаш ал десе бас алатын, кей полицейлер қызметін асыра пайдаланды.

Бейбіт шеруге де, бүлікке де себеп болған бұрынғы биліктің шикіліктері. Ал, қаңтарда бейбіт шеруді пайдаланып, қанды қырғынға айналдырғандардыкі адамгершілікке жата ма? Халықты қырып, таққа отырғысы келгендердікі тирандық емес пе? Отанға опасыздық жасады деген айыппен қамалған Кәрім Мәсімовтың қай бетімен бостандыққа шыққысы келетініне таң қалдық. Бізден өзге елдерде сатқындық қылмақ тұрмақ, жемқорлыққа барғандарды өлім жазасына кеседі. Ал, Қазақстанды жабылып жүріп 30 жыл тонағандар өздерін ондай жазадан сақтандырып, әлгі жерде әлемдік тәжірибеге сүйеніп ең жоғарғы кесімді заңнан алдырып тастаған. Керек жерде өзгенің жақсысын үлгі етпей, керек емес нәрседе біреудің қаңсығын таңсық көретін боп кеткенбіз. Осындай олқылықтардың «жемісі» Мәсімов, Назарбаев сықылдылар. Қаңтарда төгілген қан солардың мойнында.

Сол қайғылы күндерде 225 адам қаза тапқан. Оның ішінде бәрі бар. Төрт жарым мыңнан астам  жәбірленушінің 4 мыңға жуығы жараланыпты. Оның 3 мыңнан көбісі тәртіп сақшылары көрінеді. Ресми дерек осылай дегенімен, ел аузында басқаша сандар жүр. 150-дей азамат сотталған. Алматы, Таразды талқандаған 20 мың террористің өздерін де, сүйегін де таппай қалдық. Жалдамалы жендеттер жат жерден арнайы алдырылған. Келген іздерімен қайтып кеткен деген де сыбыс бар. Арнайы әскери дайындықтан өткен содырларға біздің тәртіп сақшылары төтеп бере алмады. Ал, шеттен шақырылған әскердің оғы соларға тисе, сүйегі шашылып жатар еді. Өкінішке қарай, қаңғыған ба, жоқ әлде дәлденген оқтар ма, қарапайым халыққа да тиіп кеткен. Ол аз болса, бейбіт шеруге шығып ұсталып қалғандар құқық қорғау органдарының тепкісіне түскен. Елдегі жағдайды ушығуына осындай олқылықтар себеп болды.

Мәсімов төңкерісті жалғыз өзі жасаған жоқ. Оның сыбайластары ҰҚКдан, әуе және құрлық күштік құрылымдарының арасынан шығып жатыр. Өзімен бірге ҰҚК-нің бес бірдей ірілі-ұсақты басшылары ұсталды. Бұл ең жоғары Комитеттің абыройына нұқсан келтірді. Бейбіт шеру басталып, террористік тобырдың ойрандауына өзі жол беріп қарап отырған. Онысымен қоймай өңірлік департамент басшыларын құжаттардың барлығын өртеп, кеңселерді қараусыз қалдыруға бұйырған. Сөйтіп Алматыдағы ҰҚК департаментінен қару-жарақ тоналған. Ал, Жамбыл, Түркістан облысының басшылықтары құйтырқы бұйрықты орындамай, өз мекемелерін қараусыз қалдырмаған. Соның өзінде террористердің қолынан ҰҚК басшыларының бірі оққа ұшты. Одан қалса, сол кезде суицид жасаған лауазымды шенеуніктер де болды. Мәсімовтың жоспарынан қаншама отбасы қара жамылып қалды. Ол бұл жоспарына көп жылдар бойы даярланған. ҰҚК-ге барған бойда террористік шабуылдардың алдын алумен айналысатын аналитикалық орталықты жауып тастаған.

Негізі сол оқиғалардың себеп-салдарын жоюда әділдік сақталмады. Жазықсыз жапа шеккендерге көмек көрсетілмеді. Халық пен жалдамалы жендеттерді кінәлау көбейіп кетті. Тәртіп сақшылары «батыр» атанып, солардың отбасы мен зардап шеккен кәсіпкерлерге қомақты жәрдем берілді. Қаңтар қасіретіне қатысты 2919 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде  90 іс — кісі өлтіру, 2183 іс — ұрлық, 428 іс — заңсыз қару-жарақ тасымалы, 164 іс — біреудің мүлкін қасақана бүлдіру бойынша. Президент тапсырмасымен төрт жүзден астам ұсталғандардың 219-ы қамаудан босатылды. Ал, құрықталғандарды ұрып-соққан тәртіп сақшыларының әрекеттерінің кесірі әлі күнге тыныштық таптырмай тұр. Жалпы, полиция тарапына жақсы сөз айтыла бермейді. Әсіресе қылмысты мойындату үшін жала жабу жайында шағым көп. Қаңтардағы қақтығысқа қатысты қамалғандарды тергеуді заңсыз тәсілмен жүргізгендер жайында нақты мәлімет берілмей келеді. Қазақстандықтардың жанайқайы халықаралық ұйымдарға дейін жетті. Содан кейін әділетсіздіктерге тосқауыл қойыла бастады. Десе де қаңтар қасіретінің жаңғырығы әлі күнге жаңғырып тұр. Бір жақты әрекет, ақтау, өтірік айту сияқты нәрселерге бұқара тойған. Тойғаны соншалық запыран құсып жіберді. Әйтеуір, жаңа Қазақстанды құруға бекінген жаңа билік қателіктерге бармаса деген тілек бар.

Әйтпегенде, іштен шыққан да, сырттан шапқан да жауға қарсы тұрар қауқар шамалы екен. Белгілі бір топтардың топалаңы зобалаңды болып, ақыры бітпей жатыр. Баланы титтейінен Отанды сүю, жауынгерлік рух қалыптастыру, адами асыл қасиеттер мен бабалар болмысын дарыту амалдарын жасасақ, сонда бәрі жақсы болады. Қазақстанда ешбір бағытта маңдытып жұмыс істеліп жатқан жоқ.
Сағындық Жанысбаев

Автор: admin