2024-2025 жылғы жылыту маусымы барысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кең ауқымды жұмыстар жүргізілді. Өрттің алдын алу, улы газдан улану жағдайларын болдырмау және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында 52 043 тұрғын үй араланып, 155 мыңнан астам тұрғынға жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Департамент ақпараттық жұмысты да күшейтті. Жылыту маусымының басынан бастап әлеуметтік желілерде 321, ал бұқаралық ақпарат құралдарында 763 материал жарық көрді. Оның ішінде 125 баспа, 88 телеарна және 550 радио хабарламалары арқылы қауіпсіздік туралы ескертулер кеңінен таратылды. Қаланың әрбір шағынауданында 1090 рет дауыс зорайтқышпен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Қауіптің алдын алуға бағытталған нақты іс-шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Әлеуметтік осал топтарға басымдық беріліп, 2222 отбасыға жадынама парақшалары таратылды. Сонымен қатар, табиғи газбен жабдықталмаған 22 жатақхана толығымен араланып, қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Қатты отынмен жылытылатын 13 мыңнан астам тұрғын үй де назарда ұсталып, тұрғындармен жеке әңгімелер жүргізілді.
Маңызды бастамалардың бірі — 150 үйге газанықтағыш құрылғылар орнату, ал 220 үйдің мұржасын тазарту жұмыстарының жүргізілуі. Бұл — улану мен өрт қаупінің алдын алудағы нақты әрі нәтижелі қадамдар. Сондай-ақ, жылыту маусымында уланудың алдын алу бойынша тұрғындардың телефон нөмірлеріне аптасына бір рет SMS-хабарламалар жіберіліп отырды.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен, брифинг барысында, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подколковнигі — Педен Нұрболат Нұржанұлы мәлімдеді
ӨРТ ПЕН ГАЗДАН УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ: ТЖД 155 МЫҢ ТҰРҒЫНМЕН ЖЕКЕ ТҮСІНДІРУ ЖҮРГІЗДІ
