• 25 ноября, 2024 3:43 дп

ТҮРКІСТАН: АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ

Автор:admin

Ноя 20, 2023

Бүгін Отырар ауданындағы «Өзбекәлі Жәнібеков» атындағы лицей-интернатында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі өтті.
Алғаш рет ұйымдастырылған шара ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тапсырмасы аясында қолға алынған. Олимпиаданың бірінші кезеңіне Түркістан облысынан 21 321 оқушы тіркеліп үлгерген. Олимпиадаға республикадағы ауылдық мектептердің соңғы екі оқу жылында оқитын 9-11(12) сынып оқушылары қатысып жатыр. Жарыс — ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, академиялық қабілетті оқушыларды табу мақсатында ұйымдастырылған.
— Ауыл мектептеріне арналған олимпиада Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балаларды анықтауға және дамытуға бағытталған. Өткізу қағидаларына сәйкес, олимпиада 13 пән бойынша өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңге қатысу үшін аuyl.daryn.kz сайтында 85 401 оқушы тіркелді. Олимпиада «Бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізілді. Кезең қорытындысы орталықтың сайтында жариялатын болады, — дейді «Дарын» РҒПО директорының орынбасары Айгүл Қарқұлова.
Олимпиаданың ІІ іріктеу кезеңін желтоқсан айында облыстық білім басқармалары өткізеді. Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық онлайн-платформада беріледі. Олимпиаданың III кезеңіне ІІ кезеңнің жеңімпаздары қатысады. III кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай мектепке қабылданатын болады.
Айта кетсек, жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталады. Сондай-ақ, I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады. Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 20 қараша күні еліміздің барлық ауыл мектептерінде бір мезгілде өткізіледі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: admin