• 23 ноября, 2024 10:13 дп

Шымкент: халықтың тыныс-тіршілігі назарда!

Автор:admin

Дек 22, 2023

Бүгін халықпен кезекті көшпелі кездесуіміз Абай ауданында жалғасты. Ең алдымен, «Асар» аллеясында ұйымдастырылған жиында бұқараның өзекті мәселелеріне құлақ түрдік. Тұрғындар аллея мен көшедегі ағаштардың қурап бара жатқанын алға тартып, көгалдандыру және жаңа мектеп салу мәселесін көтерді. Бұқараның тілегін ескеріп, жергілікті халыққа ыңғайлы аумақтан жаңа мектеп салуға уәде бердік. Ал суғару жүйесі мен абаттандыру жұмыстары жолға қойылады.

Шымсити шағын ауданында өткен көшпелі жиында тұрғындар көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы, бағдаршам орнату және жылу жүйесі мен көпқабатты үйлердің сапасына байланысты бірқатар арыз-шағым айтты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша жаяу жүргінші жолағы мен бағдаршам орнатып, жылу жүйесіндегі мәселені түпкілікті шешу үшін аталған ауданда келесі жылы 3 жаңа қазандық салатынымызды жеткіздік. Ал тұрғын үйлердің сапасына байланысты тиісті басқарма басшысына кемшіліктің бәріне талдау жүргізіп, олқылықтарды толық ретке келтіруді тапсырдым.

Көшпелі кездесуді Ынтымақ-2 шағын ауданында қорытындыладық. Жергілікті жұрт кәріз жүйесіне қатысты шағым білдіріп, жаз мезгілінде төзу мүмкін емес екенін айтты. Оған қоса, көгілдір отынды қосу, ішкі орамдық жолдарға асфальт төсеу, қоғамдық көлік бағытын реттеу және жер телімдерін заңдастыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, тұрғындар заманауи үлгіде жаңа емхана мен амбулаториялық медициналық пункт салып беруді сұрады.

Қазіргі таңда аталған ауданда күніне 350 пациентті емдеу және 100 адамды қабылдауға арналған № 14 жеке емдеу орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Орталықты салып жатқан жеке кәсіпкер Жиделі елдімекеніне амбулаториялық пункт филиалын салуға уәде етті. Ал Қызылжар елдімекенінде жаңа емхана салуды жоспарлап отырмыз.

Бүгінде жағымсыз иіске байланысты мәселені шешу мақсатында кәріз тазалау имаратының қуатын арттыру үшін құрылыс жұмыстарын жүргізудеміз, ал қоғамдық көліктердің жұмысын ретке келтіру бойынша қазіргі уақытта жүйелі жоспар әзірлеп жатырмыз. Осы орайда келесі жылы әр ауданда 200 көшеге жарықшам орнатылатынын айта кеткім келеді. Халықтың тыныс-тіршілігі әрдайым назарымызда болады.

Автор: admin